Атыраулық мұғалімдер жаңаша әдіспен сабақ беріп жүр

  • 8
  • 01.10.2025, 19:32

Қала іргесінде орналасқан Ақжар елді мекеніндегі №44 мектеп-гимназияның мұғалімдері лабораториялық зерттеулерді жасанды интеллект көмегімен жүзеге асыруда. «Бұл мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың сапалы білім алуына да жаңа серпін береді»,– дейді ұстаздар. 

Былтыр облыстың үздік мұғалімі атанған Самал Махамбетова физикадағы ережелер мен түрлі тәжірибені жасанды интеллект көмегімен түсіндіреді. Жаңашыл ұстаз уақытын үнемдеп қана қоймай, цифрлық технологияның қыр-сырын терең меңгерген. Мысалы, мына виртуалды мұғалім оқушыларға физика заңдарын түсіндіреді. «Әр сабақты қызықты өткізіп, балалардың зейінін ашуда жасанды интеллекттің көмегі көп»,– дейді Самал Қалиқызы. 

Самал Махамбетова, физика пәнінің мұғалімі:

-Оқушыларға физикалық құбылыстарды түсіндірген кезде құбылыстарды оңай әрі терең түсінуге мүмкіндік алады. Жасанды интеллекттің көмегі өте көп. Тапсырмалардың жауаптарын автоматты түрде өзі шығарып, тексеріп береді. Сол кезде біз уақытты тиімді пайдаланамыз және зертханалық жұмыстарда біз виртуалды зертханаларды, бағдарламаны пайдаланамыз.

Жасанды интеллект биология сабағында да қолданылады. Цифрлық технология түрлі зертхана құралдарының орнын алмастырған. Мына интерактивті тақта арқылы оқушылар зерттеулер жүргізе алады. 

Сабина Жолдағалиева, биология пәнінің мұғалімі:

-Жасанды интеллектті қолдануға арналған әр түрлі платформалар бар. Сол платформалар арқылы оқушыларға сабақтың процесі түсіндіріледі. Виртуалды лаборатория бізде қазір кезде өзекті нәрсенің бірі. Яғни лабораториялардың құрал-жабдықтарын оқушыларға виртуалды түрде көрсету арқылы осындай жұмыстарды жүргіземіз.

Мектеп-гимназия оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі. Былтыр ашылған білім ордасында қазірдің өзінде «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Жас тілші» секілді үйірмелер жұмыс істейді. Жас мерген Мөлдір Мадиярова жуырда өткен республикалық байқаудан жүлделі орын алып, облыс намысын қорғап келді.

Мөлдір Мадиярова, 11-сынып оқушысы:

-Осы спорт түрінде бізде тек қана физикалық дайындықты үйретпей, бізге психикалық тұрақтылықты да және төзімді де үйретеді. Оқушыларда патриоттық сезімді оятып, отансүйгіштікке баулиды.

Мектеп басшылығы ұрпақтар сабақтастығын да назардан тыс қалдырған емес. Ардагер ұстаздармен кездесулер жиі өткізіледі. Олар жастарға жол көрсетіп, білген-түйгенін үйретеді.

Жібек Серікбаева, ардагер ұстаз:

-Қазіргі білім беру жүйесі мен бұрынғы білім беру жүйесінің арасында көп айырмашылық бар ғой. Қазір балалар да жан-жақты. Мұғалімдері креативті. Жас мұғалімдер, жақсы мұғалімдер. Енді біздің кезімізде біздің көрнекі құралдарымыздың бәрі қолмен жасалатын. Өзіміз суреттерді салып, соны қиып. Қазір бәрі техникаландырылған ғой.

Мектеп оқушылары облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. 900-ден аса оқушыға 100-ге тарта мұғалім сабақ береді. Әр баланың жетістігінің артында ұстаздардың еселі еңбегі жатыр. 

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов