Талдықорғанда тұратын 74 жастағы ардагер ұстаз әлі күнге дейін волейболдан жарыстарға қатысып, қыста шаңғы тебеді. Қарияның балалары мен немерелері де ұстаздық жолын таңдапты.
Жұмабек ақсақал саналы ғұмырының 40 жылдан астамын ұстаздық етуге арнады. «Ол өз жұмысын өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтатын ұлағатты мамандық»,– деп біледі.
Жұмабек Рамазанов, ардагер ұстаз
-Спорт деген бұл тәрбие бір жағынан. Одан кейін денсаулығы. Мен тәрбиелі адам білімді болады деп айтамын. Тәрбиені бірінші орынға қою керек. Содан кейін барып білім. Сөйтіп тәрбиеледік қой. 75 жылдан бері балалармен бірге болып келдім. Қазір мен өкінбеймін ұстаз болғаныма. Соған қуанамын. Қазақ балаларының жақсы болғанына қуанамын.
Ардагер ұстаз спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Қыста шаңғымен жүгіреді. Одан бөлек, теннис ойнап, волейболдан зейнеткерлер арасында өтетін жарыстарға қатысады. Спортқа жаны құмар қарияның жолын бүгінде немересі жалғастырып келеді.
Айбол Сағымбеков, немересі:
-Атам бізге жастайымыздан үлгі болды. Спортқа келуімізге бірден бір себепкер кісі осы кісі болды. Енді осы кісінің ізін жалғап спорт саласына келіп отырмыз. Әлі күнге дейін балалармен қалай жұмыс істеу керек. Барлық жағынан ақылын айтып көмектесіп отырады.
Жұмабек атаның жары Сарби апа да ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етті. Ұстаздар отбасы жеті бала өсіріп, үшеуін мұғалімдікке баулыды. Бір ұлы ғылым докторы атанып, бүгінде жұмысшы мамандарды оқытатын колледжге жетекшілік етеді.
Санат Рамазанов, колледж директоры:
-Бізде хаус мастер мамандығы ашылды. Былтыр архитектор мамандығы ашылды. 406 студент оқиды. 10 мамандық бойынша дайындалады. Түлектер 100% жұмыспен қамтылады.
Жұмабек қария Ақсу ауданның құрметті азаматы да атанып, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. Бұл Жаңалық және Көкжайдақ ауылдарындағы мектепте ұстаздық еткен еселі еңбегінің жемісі.
-Ол кезде спортзалдар жоқ. Далада балалармен бірге жүріп жасаймыз. Мысалы, қол добын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары далада болды. Сол жерде дайындап шығардық балаларды. Өзімнің баламнан кем көрген жоқпын оларды. Солар тәрбиелі, білімді азамат болса екен деп армандаймыз. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын.
Салауатты өмір салтын ұстанатын ұстаз жастарға тұрақты түрде спортпен шұғылдану қажеттігін үнемі айтып отырады. «Себебі дені сау, тәртіп пен білімді қатар ұстанған азамат қана ел тірегі болады»,– дейді қария.
Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов