Бүгінгі заман ұстазы қандай болу керек?  

  • 9
  • 03.10.2025, 19:42

5 қазан Ұстаздар күні. Соңғы жылдары мемлекет инфрақұрылымды жаңғырту арқылы да, ұстаздардың әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар арқылы да білім беру саласын жүйелі түрде нығайтып келеді. 2019 жылы мұғалімдердің құқықтары мен кепілдіктерін ресми түрде бекіткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Содан бері ұстаз мәртебесін, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қарқынды жүргізіліп келеді. Ол қандай шаралар? Жалпы бүгінгі заман ұстазы қандай болу керек?  

Әсемгүл Тоқтарбекқызы 25 жылдық тәжірибесі бар жаңашыл әрі білікті ұстаз, модератор-магистр. Ол өзінің бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізуді осыдан 4 жыл бұрын бастап кеткен. Әсемгүл ұстаздар династиясының өкілі. Әулеттің еңбек өтілі 50 жылдан асады. Бала күнінен көрген-білгені оқытушылық болған соң ол да мұғалім болуға бел буған. 

Әсемгүл Слямшайықова, физика-математика бірлестігінің жетекшісі, ұстаз: 

-Сондай-ақ мен ұстаздар әулетіне келін боп түстім. Енем де мектепте 40 жылдан астам еңбек етіп, абыройлы зейнетіне шығып демалуда. Білім ордасындағы әрбір ұстаздың еңбегі мемлекеттің іргетасын қалаушы. Сол жолда қызмет атқарып жатырмыз. 

Бұл жолда талмай еңбек етіп келе жатқандарыдың бірі – Қинаят Мұхаметсадыққызы. 40 жылдық еңбек жолында шәкірт тәрбиелеп, биыл 15-ші түлекті түлетті. Ол «Ұлттық дүниетаным» авторлық бағдарламасының, түрлі әдістемелік құралдардың авторы.   

Қинаят Мұхаметсадықова, жоғары санатты ұстаз, педагог-шебер: 

-Алты Алшатың басы қосылса төр ұстаздікі деп жатады. Ұстаз деген өте құрметті мамандық. Ол мамандықты бірінші сүйе білу керек. Осы мамандықтың қыр-сырын білуде әсіресе, бастауышқа білім беруде көбі мойынсұнбайды.  Сабырлылық, төзімділік керек. Баламен балаша ойнай білу керек, күле білу керек. Баланың әрбір құлшынысына қарай отырып, өзіңнің еңбегіңе деген махаббатыңды тудыру керек. Сол кезде ғана сен жақсы ұстаз боласың. 

Бүгінде жақсы ұстаз болуға жасалып жатқан жақсылықтар жетерлік. Мәселен, мұғалімдерді әкімшілік жүктемеден босатып, оларға баланы оқыту мен тәрбиелеуге назар аударуға мүмкіндік беріліп отыр. Сонымен қатар кадрлық әлеует дамуда. 2025 жылы педагогикалық мамандықтарға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Студент-педагогтердің стипендиясы екі есеге өсіп, 84 мың теңгені құрады. Негізгі басымдықтардың бірі – мұғалімдерді қаржылық және кәсіби қолдау. 

Сырым Нұғыманов, Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия директоры: 

-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұстаздардың жалақысы 2 есеге өсті. Бұл дегеніміз қоғамдағы ұстаздардың рөлі қандай деңгейге көтерілгенін көрсетіп берді. Енді бүгінгі ұстаз –  жаңашыл ұстаз, бүгінгі ұстаз – ізденімпаз ұстаз. Жасанды интеллекті де қолданып жатырмыз. 

Иә, Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда білім беруді цифрлық трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. Жыл соңына дейін цифрлық құзіреттер бойынша 30 000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Ал мектептерде жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде. Осылайша, бүгінгі ұстаз цифрлық трансформацияның негізгі қозғалтқышына айналуда.

Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Руслан Тәуірше