Жезқазғанда тағы бір ұстаздар династиясы қалыптасып келеді

  • 7
  • 03.10.2025, 19:52

Жезқазғанда әулетімен мұғалімдік жолды таңдаған тағы бір ұстаздар династиясы қалыптасып келеді. Сайдалиндер отбасындағы мұғалімдердің жалпы еңбек өтілі қазірдің өзінде 200 жылға жуық. Әулеттен шыққан онға жуық педагог үлкендер бастаған жолды абыройлы жалғап жүр. Олардың қатарында қарапайым тәрбиешіден бастап ғылым магистріне дейін бар.

Сайдалиндер үшін ұстаздар күнінде үлкен үйде бас қосу бұлжымас дәстүр. «Бұл мәртебелі мамандыққа баулыған анамызға деген құрметтің белгісі»,– дейді олар. 

Жанна Сайдалина, тәрбиеші-педагог:

-Менің анам өзі мектепте кітапханашы болып 25 жылдай жұмыс істеді. Біз сол балалары анашымның жолын қуып мұғалімбіз. Үлкен ағамнан бастап, жеті ағайынбыз, соның 5-еуі мұғалімбіз. 

Үздіксіз ізденісті талап ететін ұстаздық жолды ер азаматтар көп таңдай бермейді. Бірақ Сайдалиндер отбасында керісінше. Үйдің үлкені Қайрат 25 жыл шәкірт тәрбиеледі. Ағадан үлгі алған қарындастары осы жолмен жүріп келеді. Жанна балабақшада, Сағадат оқушылар сарайында тәлімгер. Ал Бағдат сан мыңдаған шәкіртке оң-солын танытып, әріп үйреткен бастауыш сынып мұғалімі. Олардың балалары да үлкендердің жолын жалғаған. 

Бағдат Сайдалина, бастауыш сынып мұғалімі:

-Ұстаз бойынан екі-ақ дүниені талап етеміз. Біріншісі - терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Үлкен жүрекпен берілген тәлім-тәрбиеге толы білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз. 

Мархаба Толықбаева, ағылшын пәні мұғалімі:

-Бізде туыс-туғанымыз болсын, бөлелеріміз болсын, барлығымыз ұстаздармыз. Бірге жинала қалсақ болды айтатын әңгімеміз оқушылар, ұстаздар, пәндеріміз, сабақтағы қиындықтар, қызықтар барлығын бөлісе отырып сыр шертеміз. Қызығы да сонда деп ойлаймын.

Сайдалиндер әулетіндегі мұғалімдердің жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуық. «Болашақ немерелеріміз екі ұрпаққа жалғасқан осы сабақтастықты үзбей ұстаздар династиясын қалыптастырса»,– дейді.    

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үзікбаев, Гүлшаһира Серекбаева