Заманауи оқу ордасы 900 оқушыға арналған. Қазір онда ауыл балалары білім алып жатыр.
Шолаққорған ауылында ашылған жаңа мектепте қазір 1300 бала оқып жатыр. Кең әрі жарық бөлмелер, заманауи жиһаздар мен оқыту құралдары, түрлі үйірмелер мен инклюзивті ортаға бейімделген инфрақұрылым шәкірттердің шабыттана оқып, сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Ерасыл Аманбай, оқушы:
-Робототехника кабинеттері, заманауи спортзал, шахмат және басқа үйірмелер жұмыс істейді. Мен робототехника үйірмесінде өзімді жаңа бір бағытта дамытып келе жатырмын. Бұл іс менің болашағыма зор үлес қосады деген ойдамын.
Білім ордасында 64 оқу кабинеті бар. Барлығына оқу үдерісін цифрландыру мақсатында интерактивті тақта орнатылған. Сондай-ақ интернетке қосылған 5 арнайы компьютер сыныбы жасақталған. Мұнда 125 тәжірибелі зерттеуші, сарапшы, модератор және шебер педагог сабақ береді. «Ұстаздар бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік»,– дейді.
Мәрияш Жолкелдіқызы, математика пәнінің мұғалімі:
-Бұрын мысалы біз көрнекіліктер іздейтінбіз. Қазір ешқандай көрнекіліктің керегі жоқ. Оның барлығы мына интерактивті тақтада тұр. Бұл тек жаңа мектеп емес, бұл жаңа мүмкіндік, жаңа бастама, жаңа серпін.
Серғали Мәлікайдаров, мектеп директоры:
-Қауіпсіздік ережелері, турникеттер, камералары, дабыл нүктелері облыстық жедел басқару орталығына тіркеліп, осындай жұмыстар жасалуда. СТЕМ кабинеттері, домбыра, қолөнер шеберханалары жұмыс істеп, оқушылар түрлі үйірмелерге белсенді тартылуда.
Жаңа ғимаратта 4 спортзалы қарастырылған. Одан бөлек 120 орындық акт залы мен асханасы бар. Айта кетейік, Түркістан облысында ұлттық жоба аясында 29 мектеп салынып, соның 21 пайдалануға берілді. Қалғаны жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш