Өзі де кезінде талай олимпиаданың жеңімпазы атанған жас ұстаз сол тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне жұмсайды. Оның шәкірттері бүгінде республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып жүр. Жас маман еліміздің болашақ ғалымдары мен инженерлерін тәрбиелеуді мақсат етеді.
Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Нұрбек Күнғожин егістік игеріп, дақыл егіп өскен. Бүгінде оқушыларға математика мәйегін егіп, білімнің болашағына үлес қосып жүр. Демалыс күндері ауылына барып, отбасына егін жинауға немесе шөп шабуға көмектесіп тұрады. Жас ұстазбен егін алқабында жүздесіп, математика мұғалімінің шаруашылықтағы шеберлігін көрдік. Нұрбектің айтуынша, қырдағы еңбек адам миын сергітіп, тәртіпке баулиды.
Нұрбек Күнғожин, республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі:
- Әкем ауыл шаруашылығының иесі. Ол кісі егінмен айналысады, мал шаруашылығы. Сол әкеме жылда жазда барып көмектесем, өзімнің бір парызым деп ойлаймын. Өзімнің бір ойым бар, үй жұмысын істемейтін, ерінетін адам өсе келе өмірінде де еріншектігі пайда болатындай. «Ең бастысы, үй шаруасынан бастау керек», - деп ойлаймын кез келген бала.
Нұрбек Күнғожин Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің үздік ұстаздарының бірі. Оның оқушылары республикалық, Азия-Тынық мұхит және басқа да беделді халықаралық математикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Мұғалімнің ендігі мақсаты – алтын медальға жету. Ғылым да егіншілік сияқты үнемі еңбектенуді және жаңалық ашуды талап етеді.
Нұрислам Дүйсенғали, 10-сынып оқушысы:
- Нұрбек ағай бізге бір тақырып алғанға келгенде қағаз сияқты құжат алып келеді. Бүкіл терминдер, теорема барлығы бар және есептер. Оны шығарамыз және өзіміздің рейтингіміз болады. Кім қанша есеп шығарды, сол арқылы бізде жақсы бәсекелестік пайда болады бір-бірімізбен және есепті көбірек шығаруға, тақырыпты түсінуе әркімде мотивация бар.
Нұрбек Күнғожиннің айтуынша, математикалық олимпиадалар спорттық жарыстарға ұқсайды. Дайындық кезінде балалар күніне 8–12 сағат есеп шығарады. Психологиялық тұрақтылық та маңызды. Оқушы сасқалақтамай, білімін көрсете білуі керек. Себебі спортта да, ғылымда да жеңіске жету үшін сенім мен дұрыс көңіл күй қажет.
- Кезінде маған өзімнің әкем білімді ешқашан жалғыз алып жүрме деп айтатын. Сонымен қатар спортты бірге алып жүру керек. Неге? Себебі бәсекелестікке құштарлықты үйрететін – ол спорт. Спортта сен бәсекелестікке үйренесің, сол өзінің үйренгеніңді білімде қолдануға болады. Сол себепті спорт пен математикалық олимпиадалар жаттығуы да, психологиялық дайындығы да ұқсас.
Айта кетейік, бүгінде халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне 6 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындалған. Жақында Нұрбек Қүнғожин «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұл білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Бірақ ұстаз үшін ең басты жетістік – шәкірттерінің жеңісі.
Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев