Өскеменде бұдан былай сабақ тек қатты боран мен аязды күндері ғана шегерілмейді. Оқушылар қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты да қашықтықтан оқуы мүмкін. Сондықтан сала мамандары алғаш рет осы шешімді жүзеге асыру алгоритімін талқылап жатыр. Айта кетсек, өндірісті шаһарда тымық күндер көбейіп, қаланы көк тұман басып қалатын кез жиілеп кетті. Тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселені тек білім басқармасы ғана емес, әкімдік өкілдері мен экологтар та бірлесе шешпек.
Осы айда Өскеменнің аспаны ашық болған кез аз тіркелді. Жалпы 18 күн қолайсыз метеорологиялық күн жарияланды. Ал жыл басынан бері 105 рет осындай хабарлама таратылды.
Руфия Смаилова, қала тұрғыны:
-Біз міне шеткері ықшам ауданда тұрамыз. Жағдай біршама жақсы алайда қала орталығында керісінше. Демалу мүмкін емес. Өйткені ірі зауыттардың барлығы сол жақта. Тұратын кісі де көп.
Көк тұман жайлай бастағанда экологтар да құрал-жабдықтарын көтеріп, ірі өндіріс орындарын тексеруге шығады. Үнемі болмаса да, ауа құрамында күкірт диоксиді, күкіртсутек пен өте ұсақ бөлшектердің шекті рұқсат етілген мөлшерден асуы байқалып тұрады. Тымық күндері жағдай тіпті ушығады. Сондықтан тұрғындар самал желдің соғуын асыға күтеді. Алайда оның да көмегі шамалы. Өйткені өндірісті қала осындай тау ортасында шұңқырда тұр. Шыққан түтін де, тұман да шаһар аспанын торлап алады.
Мұндай кезде ата-аналардан шағым көбейеді. Сондықтан облыстық білім басқармасы әкімдікпен және экология департаментімен бірлесіп, оқушыларды қашықтан оқыту алгоритімін құрып жатыр. Өйткені өлкеде желді, аязды күндері онлайн режімге ауысудың нақты талаптары болғанмен, ауаның ластануына байланысты сабақты шегеру тәртібі бұрын-соңды болмаған.
Жанғазы Әліпбаев, ШҚО Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
-Шектік концентрация көлемі де көрсетілмеген. Соған байланысты қазір ақылдасып шешіп жатырмыз. Егер де мысалы үш күн қатарынан болған жағдай болса көшіреміз бе деген сияқты. Балаларды қашықтан оқытуға қандай көрсетілім керек, соған байланысты қазіргі уақытта сол алгорим жасалып жатыр.
Әкімдік ауа құрамын тексеретін заманауи жылжымалы зертхана сатып алмақшы. Көгалдандыру жұмыстарын көбейтіп, қоғамдық көліктер қатарын электроавтобустармен толтырмақ. Ал экологтар болса, автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатпаған ірі зауыттарға қатысты талапты күшейтті
Меруерт Жарлығасымова, ШҚО Экология департаментінің бөлім басшысы:
-Он кәсіпорын әлі күнге дейін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Экология департаментімен тексерістер жүргізіліп айыппұл салынды. Уақыт берілді оларға бірінші жартыжылдықта 2026 жылдың жартыжылдығын дейін орнату ұсынымы берілді.
Биыл түрлі экологиялық заңбұзушылықтар бойынша ондаған кәсіпорын басшылығы жауапкершілікке тартылды. Жалпы 2 миллард теңге айыппұл салынды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов