Павлодарда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының облыстық кезеңі өтті

  • 23
  • 03.11.2025, 19:36

Бұл Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасы. Жобаның алғашқы кезеңіне облыс бойынша 250 оқушы қатысты. Үздік шыққан 54 бала облыстық сайысқа жолдама алды. 

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» атануға ұмтылған оқушылардың көбі пәндік олимпиадаларда шыңдалған. Білім мен біліктілік сынға түскен сайысқа олар тыңғылықты дайындықпен келді. Былтырғы маусымда Павлодар облысынан қатысқан бес оқушының біреуі жеңімпаз атанған еді. 

Азамат Шаймұрат «Ертіс дарыны» орталығының жетекшісі:

-Былтыр біздің оқушымыз қатысып, Павлодар облысының оқушысы жеңімпаз атанған болатын республикалық деңгейде. Биыл да сол көрсеткішті дәл қайталаймыз ба деген ойда. Бүгінгі таңда 54 бала жинап отырып, түрлі деңгейдегі тапсырманы беріп отырмыз. Негізінен 21 ғасыр көшбасшысы сіздерге мәлім, ол тақырыптар кез келген тақырыпты балалар еркін, айқын меңгеруі керек. 

Тест түрінде өткен байқауда 60 сұрақ дайындалған. Ол тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, түрлі салаларды қамтыған. Оқушылар математика, тарих, әдебиет, музыка және өнер бойынша білімдерін сынайды. 

Расул Идият, Павлодар қаласы №7 мектептің 11-сынып оқушысы:

-Жалпы сұрақтар қиын емес. Мен барлық тапсырмаларды 45 минутта шығардым. Жалпы 60 сұрақ болған, меніңше қиын емес.

Сабина Нұрғазы, «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:

-Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді. Ал ол үлес қосудың басты себебі көшбасшы болу. 

Мәдина Айтбай, 11-сынып оқушысы: 

-Баянауыл ауданының намысын қорғау үшін келдім. 21 ғасыр көшбасшысы олимпиадасы мен үшін білімімді нығайтып, жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік 

Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің ұстазы Нұрсұлтан Ақылбекұлы байқауға екі оқушысын дайындап әкелген. Айта кетейік, ол өзі де бұрын «ХХІ ғасыр көшбасшысы» жобасына қатысыпты. 

Нұрсұлтан Ақылбекұлы, М. Әлімбаев атындағы мектеп директорының орынбасары: 

-Қалалық деңгейде екі оқушым да бірінші және екінші орынды алды. Енді міне облысқа келіп отыр. Өте қуаныштымын, мақтанамын осы балалармен. Енді алдағы уақытта республикалық деңгейге жетсек деген ойымыз бар. 

Байқаудың келесі кезеңіне 5 жеңімпаз іріктеліп, республикалық сайыста бақ сынайтын болады. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасын көпшілік көгілдір экран арқылы тамашалай алады.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков