Атырау мектептерінде 40 минуттық сабақ форматы енгізілді

  • 9
  • 06.11.2025, 19:50

Бұл оқушылардың сабақтан тыс мезгілде түрлі үйірмелер мен факультативтерге қатысуына оң ықпал етеді. Бұған дейін 40 минуттық оқу үдерісі 3 ауысымды мектептерде ғана жолға қойылған еді. Енді барлық оқушы тең дәрежеде уақыттарын үнемдей алады. Атырауда қолға алынған қанатқақты жобаның оқу үдерісіне әсері қандай?

40 минуттық оқу үдерісі биыл мектеп бітіретін түлектер үшін өте тиімді. Солардың бірі Анель Аманқызы күнделікті 7 сабақтан 35 минут уақытын үнемдейтінін айтады.

Анель Аманқызы, 11-сынып оқушысы:

- Мысалы, біз түске дейін оқитын болсақ, түстен кейін қосымша сабақтарға барамыз. Өзіміздің белгіленген үйірмеміз бар және мен өзім бимен айналысатын болғандықтан, маған түске дейін оқу өте ыңғайлы. 40 минутта біз өткен сабақтарға шолу жасап, жаңа сабақты түсініп, оларды толығымен меңгеріп үлгереміз.

№ 3 мектеп-гимназия 630 оқушыға арналған. Мұнда қазір 2500-дей бала білім алуда. Екінші тоқсаннан бастап 40 минуттық оқыту үдерісін енгізу қажеттіліктен туындады. «Дегенмен ол оқушыларға да, мұғалімдерге де тиімді болады», - дейді мамандар.

Мереке Қаспиева, мектеп мұғалімі:

- Бірінші ауысымда сабақ таңертең 8-ден. 13:15 те бітеді. Екінші ауысым 2-де басталып, 19:15-те бітеді. Бұл 40 минуттық сабақ ұзақтығы өте тиімді болып тұр. 45 минуттық сабақ ұзақтығымен оқитын болсақ, онда кешкі 8-ге таман шығады. Ол балалардың уақытын үнемдеуге де жақсы.

Қазір облыс орталығындағы 69 мектептің 60 пайызы жаңа кестемен жұмыс істей бастады. Білім ошақтарының бұл бастамасы жан-жақты зерделенген. Оқу үдерісі мен сабақ кестесі туралы шешім ата-аналар мен мектеп педагогикалық кеңесінде қабылданды. 

Айнагүл Дүйсекенова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Бұл сол жердегі бала санына және біздің өңірдің табиғи климаттық жағдайларына байланысты. Кешкі мезгілде қараңғылық ерте түсетін уақыттарда оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ата-аналардың тарапынан көптеген мәселелер туындайды. Сол себепті білім ордасы осы жағдайларды зерделей отырып, өздерінің педогогикалық кеңесінде шешім қабылдады.

Қала бойынша 9 мектеп әлі күнге 3 ауысымда білім береді. Оларда күндік жұмыс кестесі бекітілген. Жыл аяғына дейін қалада 7 жаңа мектеп ғимараты пайдалаунға берілуі тиіс. Ал әзірге оқушылар осындай кестемен білім алады. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин