Astana Media Week 2025: Стриминг пен жасанды интеллекттің болашағы талқыланды

  • 10
  • 06.11.2025, 19:45

Биыл мұндай өнімдерден 214 млрд доллар түседі деп болжанып отыр. Astana Media Week форумының екінші күнінде осы және өзге тақырыптар ортаға салынып, түрлі панельдік сессиялар өтті.  Жылдың ең ірі жиынына мыңға жуық қатысушы келді. Республикалық және өңірлік телеарналардың, медиаплатформалар мен мемлекеттік органдардың өкілдері өзара тәжірибе алмасты. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Стриминг – медиа болашағы. Бүгінгі апталыққа келген сарапшылар осындай ойға тоқталды. Яғни кез келген ақпарат құралы немесе компания сол сәтте онлайн-трансляция жасап, аудиториямен еш кедергісіз қатынаса алу керек. Бүгінде стрим алаңдарын 4 млн қазақстандық қолдануда. Стрим жасау контентті монетизацияға айналдыруға, медиа өндіріске қаржы әкелуге ықпал етіп, креативті индустрияның дамуына серпін бере алады.

Ерлан Игісінов, медиаменеджер:

- Онлайн-платформалар бізде өте жақсы дамып келеді. Оны әлі де жаһандық тұрғыда дамыта түсуіміз керек. Себебі тікелей байланысқа шығу шынайы эмоция мен жедел ақпарат жеткізуге таптырмас мүмкіндік. Осы салада жүрген азаматтар трендтен қалмауы керек және өз еңбегін, өз білімін сата алуы тиіс. 

Цифрлық сауаттылық – заман талабы

Сондай-ақ мамандар жасанды инттелект – заман талабы екенін алға тартты. Бүгінде бұл технология күнделікті жұмыс процесіне еніп, журналистиканың жаңа кезеңі де басталып кетті. Десе де, нейрожелінің бір мәселесі бар. Ол – галлюцинация. Яғни жасанды интеллект жоқ нәрсені өзі қосып, жазып жіберіп, жоқ заңдарды бар деп көрсетуі мүмкін. Сол үшін цифрлық сауаттылық қажет және GPT, DeepSeek, LLM моделін пайдаланған кезде сыни ойлап, ақпаратқа факт-чек жасауды ұмытпаған жөн. Сондай-ақ мамандар «Бір журналист – бір медиа» қағидасы бойынша жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Яғни олар инстаграм, фейсбук, ютуб сияқты платформаларда өзін жеке бренд ретінде қалыптастыра алады. 

Әнуарбек Жәлел, PR және медиа маманы:

- Мысалға, бір кейс ретінде айтар болсам, Дональд Трамп сайлауалды үгіт-насихат кезінде Джороган деген азаматқа барып, подкастқа қатысқан болатын. Подкастың қаралымы 40 млн-нан асып кетті. Сәйкесінше оған басқа медиаға барудың қажеті болмады. Демек қазіргі уақытта мобильді болу керек, икемді болу керек және цифрлық алаңдарда жұмыс істеуді барынша үйрене беру керек.

Astana Media Week – кәсіби құзыретті дамытуда таптырмас алаң. Медиа мамандары цифрлық дәуірдегі факт-чек, сенім дағдарысы сынды келелі тақырыптарда шеберлік сағаттарын да өткізді. 

Жасұлан Жүрсін, радиожүргізуші:

- Радио саласында спикерлер аз. Менің ұсынысым, болашақта радио саласы жайлы бөлек үлкен форум ұйымдастыру керек, жергілікті жерлерде радиолар бар. Радионың қазіргі қоғамдағы рөлін айқындап алуымыз керек.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Форум қортындысы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ірі байланыс операторы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат журналистердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға және медиаға заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Медиа-апталық ертең де жалғасады.

Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев