Аудандық және қалалық кезеңдерге қатысқан 250 оқушының ішінен іріктелген 53 үміткердің бесеуі үздік нәтиже көрсетіп, республикалық байқауға жолдама алды. Енді олар «Хабар» телеарнасының төл жобасы – «XXI ғасыр көшбасшысы» тележобасында өз білімдері мен өнерлерін көрсететін болады.
Үздік нәтиже көрсетіп, қатарластарынан оза шапқан бес оқушы ата-аналарымен бірге облыстық «Жас дарын» орталығында бас қосты. Алтын белгіге үміткер Ясмин Нұржанқызы Шәкен Айманов атындағы жалпы білім беру мектебінде оқиды. Өнерге өте жақын.
Ясмин Нұржанқызы, Ш. Айманов атындағы мектептің оқушысы:
- Бұл зияткерлік сайысқа қатысуымның басты мақсаты – ол өз білімімді шыңдап, жаңа тәжірибе алу және де ой-өрісімді кеңейтіп, Қазақстанның дамуына үлес қосатын көшбасшы атану.
Жантуар Амангелді Баянауыл ауданынан. Жас таланттың айтуынша, «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасы — жаңа білім алып, көшбасшылық қабілетті дамытуға таптырмас мүмкіндік.
Жантуар Амангелді, Қ.Кемеңгеров атындағы мектептің оқушысы:
- Мен үшін XXI ғасыр көшбасшысы ол әрине, білімді болуы керек, жан-жақты, өнерлі, түрлі салада өзінінің өнерлерін көрсету керек. Жалпы спорт, теннис, волейболға қызығамын.
Байқауда үздік шыққан бес оқушының бәрі пәндік олимпиадаларға қатысып, ғылыми жобаларын қорғаған. Мәселен, Алдияр Түменбаев дұрыс тамақтану мәселесін зерттеумен айналысады.