Алматыда мемлекеттік колледж студенттері арасында информатика пәнінен олимпиада өтті. Білім алушылар логикалық есептер шығарып, жасанды интеллектіні қолдану арқылы бейнежобалар жасап, сынға түсті. Білім бәйгесі биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Үш интеллектуалды кезеңді қамтыған олимпиадаға 40-қа жуық студент қатысты. Олар алдымен информатика негіздері пәнінен онлайн тест тапсырды. Екінші кезеңде логикалық есептер шығарып, практикалық тапсырмалар орындады. Үшінші кезеңде «Цифрлық дәуірдегі адами құндылықтар» тақырыбында жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бейнежоба әзірледі.
Нағашгүл Косерова, Almaty Polytechnic College директорының орынбасары:
- Технологияның дамуына байланысты студенттеріміз информатика пәнінің өзінде осы жасанды интеллекттің бір тармағын өтуде. Сол тармағының аясында жасанды интелектті пайдалана отырып бейнежоба құрастырған болатын. Яғни бұл бейнежоба 30-60 секунд аралағында болды.
Олимпиаданың барлық кезеңдері ашық әрі әділ өтуі үшін онлайн көрсетілді. Сонымен қатар әр кезеңді ақпараттық технологиялар саласындағы тәуелсіз сарапшылар бақылады. Білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім бәйгесінде Әлжан Құдайберген мен Әділхан Абдурахман өзгелерден озып шықты.
Досымхан Сейтқазиев, қазылар алқасының мүшесі:
- Бұл жерде ең бірінші бағаланатын дүние – идея. Идея және оның шеберлігі деп отырғанымыз видеоға, жасап отырған аудиосына жан бітіріп, мәтін беріп, аз уақыттағы видеоны мәліметке толтыра білді. Жылдамдығымен, тапқырдлығымен көзге түсе білді.
«Заманауи технологиялармен жұмыс істеу – студенттер үшін тапсырмас тәжірибе», - дейді ұйымдастырушылар. Мұндай шаралар цифрлық дәуірге жаңа мамандар даярлауға, техникалық кәсіптік білімнің маңызын арттыруға мүмкіндік береді.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов