Олардың дені жоғары білікті зерттеуші мамандар. Сәйкесінше тәжірибелі ұстаздар еңбек жолын енді бастаған жас мұғалімдерге үлгі болады. Мәселен, Ақтөбедегі №80 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Рамазан Қабидолла кәсібінің қыр-сырын тәлімгерден үйреніп жүр.
Рамазан Қабиболла еңбек жолын «Келешек мектебінде» бастады. Бұл білім ордалары ел Президентінің тапсырмасымен бой көтерген болатын. Биылғы оқу жылында ашылған су жаңа ғимаратта шәкірт тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Әдетте кенже қалатын дене шынықтыру пәніне қажет құрал-жабдықтардың да бәрі бар. Сондықтан жас маман қызметке белсене кірістім дейді.
Рамазан Қабиболла, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
-Мемлекеттік грантпен білім алғаннан кейін біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Ол Отанға дейтін, мемлекетімізге, жас буындарға дейтін білім беру, тәрбие беру. Сол жұмыспен қазіргі таңда біз айналысып келеміз. Спорт түрлеріне дейтін барлығымен қамтылған. Қысқы спорт, жазғы спорт, игровой спорт, барлығымен қамтамасыз етілген. Жұмыс істеудің өзі бір ғанибет.
Білім ордасында жоғары оқу орнын күні кеше тәмәмдаған 6 мұғалім жұмыс істейді. Үлгілі мектепке орналасу үшін олар қатаң іріктеуден өткен. Бала оқытудың қыр-сырын тез үйреніп, білікті маманға айналуы үшін әрқайсысына тәлімгер бекітілген. Он бес жыл ұстаздық етіп келе жатқан Гүлназ Айтқұлова Рамазан Қабиболланың жетекшісі.
Гүлназ Айтқұлова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
-Оқушылармен жұмыс жасауы өте жақсы. Балалармен өте жақсы жұмыс жасайды. Жақсы қарым қатынаста. Сабақты өткізуі өте жақсы. Шебер ұйымдастырады сабақты.
Оқу ордасы жанынан «Келешек ұстаздары» шығармашыл тобы құрылды. Бұл бірлестік тәжірибе алмасу, білім берудің тиімді жаңа әдіс-тәсілдерін шығару алаңы.
Элеонора Басмағамбетова, мектеп директорының орынбасары:
-Мектебіміздегі шебер, зерттеуші яғни озат тәжірибесі бар алдыңғы қатарлы мұғалімдер кірді. Шәкірттерінің жетістіктері бар өте тәжірибелі, ізденімпаз, жас мамандарға айтары бар мұғалімдер сабақтарын береді, өздерінің көрсетеді. Семинарлар, облыстық шеберлік класстар түрлі деңгейдегі беріп соның негізінде жас мамандарымыздың ол мұғалімдерден алары өте көп.
Жалпы Ақтөбе облысында 14 «Келешек мектебі» салынуы тиіс болатын. Қазір Президент бастамасымен бой көтерген білім ордаларының 7-і ашылды. Заманауи үлгіде жарақталған оқу орындары білімді шәкірт тәрбиелеп, білікті маман өсіреді.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов