Эстония президенті Назарбаев Университетінде дәріс оқыды

  • 11
  • 17.11.2025, 19:30

Алар Карис жоғарғы оқу орнының ғимаратын аралып, ғылыми жобаларымен танысты. «Байланыс, ортақ мүдделер және ынтымақтастық» тақырыбында дәріс оқыды. Оған мемлекеттік саясат, білім беру, жасанды интеллект және басқа да мамандық бойынша білім алып жатқан шәкірттер қатысты. Арасында магистрат пен докторанттар да бар. Мәртебелі мейман жаһандық өзгерістер жағдайында білім берудің маңызы, оқыту бағдарламасындағы стратегия мен стандарт жайында жастармен пікір алмасты.

Бағдарлама аясында Қазақстан-Эстония ректорларының форумы да өтті. Онда ынтымақтастық перспективалары талқыланып, университеттер арасында меморандумға және екі елдің министрліктерімен арнайы келісімге қол қойылды. 

Алар Карис, Эстония республикасының президенті:

- Мен Қазақстанға келгеніме және студенттермен тілдескеніме қуаныштымын. Эстонияның екі университетінің бұрынғы ректоры ретінде білімнің және оның халық игілігі үшін маңыздылығын жақсы түсінемін. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар біздің оқу, жұмыс істеу және бір-бірімізбен өзара әрекеттесу тәсілдерімізді өзгертуде. Дәл осындай жылдам өзгерістер кезеңінде университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары шешуші рөл атқарады. Білім әрқашан прогрестің негізі болып табылған. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бұл енді біздің университететріміздің арасында студентпен алмасу, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік береді. Орта білімде де Эстониядан үйренетін нәрселеріміз бар. Халқаралық зерттеулерде Эстония дәстіүрлі түрде топ бестікке кіреді. Жалпы Эстонияда алты ғана жоғарғы оқу орны бар. Алтауы да өте жоғары, сапалы, ғылыми әлеуеттері жоғары, ең көне университеттер.