Байқауға облыстың барлық аудан-қалаларынан 100-ге жуық оқушы қатысып, білімдері мен ой-өрісін таразыға салды. Үздік шыққан 5 оқушы республикалық сайысқа жолдама алды.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары. Оқушыларға берілген уақыт 90 минут. Екінші кезең блиц-тур. Мұнда ең жоғары ұпай жинаған 10 үздік оқушы жылдамдық пен тапқырлығын сынады.
Мейрамгүл Жанасбаева облыстық «Дарын» орталығы директорының орынбасары:
-Былтыр жеңімпаздар «Хабар» агенттігінің атынан жақсы бір көлемді сыйлықтарға ие болды. Грант иегерлері атанды. Ол үлкен мотивация деп ойлаймын бала үшін. Сондықтан 11 сыныптарға ол өте жақсы бастама. Республикаға жолдама алған балаларға оқу жаттығу өткізіледі. Сол балаларды онлайн форматта болсын біз дайындаймыз.
Сайыстың қорытындысы екі кезеңнен соң бірден жарияланды. Үздік шыққан бес оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Солардың бірі - Эльнара Молданова. Шалғай ауылдан келген оқушы кітап оқығанды жақсы көреді. Биология пәніне қызығатын ол, болашақта тіс дәрігері болуды армандайды.
Эльнара Молданова, Үржар ауданы Қойшыбай Төлеубеков атындағы мектеп оқушысы:
-Бұл жоба қанша жылдан бері келе жатқан жоба. Өте танымал, «Хабар» агенттігі әрдайым ұйымдастырып отырады. Мен өзім көріп отыратынмын қызығып. Дәл қазір осылай жеңімпаз боламын деп ойламаппын. Өте қуаныштымын, толқып тұрмын.
Ал Ерсаин Қуатұлы Семей қаласындағы білім-инновация лицейінде оқиды. Бос уақытында волейбол ойнағанды жақсы көреді. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысына мүмкіндігін бағалап, жаңа бағытта ойлауға және үлкен мақсат қоюды үйрену үшін барғанын айтады.
Ерсаин Қуатұлы, Семей білім-инновация лицейінің оқушысы:
-Көшбасшылық негізі менің ойымша, бұл жауапкершілік. Айтадығой шәйнекте су болмаса, ол стақандарды толтыра алмайды. Сенің бірінші өзіңнің бойыңда қасиеттер болуы керек. Сонда ғана сен өз қасиеттеріңмен бөлісіп басқаларды артыңнан ертіп көшбасшы болып жүре аласың.
Ерсаинмен бірге республикалық байқауға Диас Серікханов пен Ерназ Қадыров жолдама алды. Сыныптастар облыстық сайысқа бірге дайындалған. Енді келесі кезеңге қамданып жатыр.
Диас Серікханов, Семей білім-инновация лицейінің оқушысы:
-Сайыс кезінде ең бастысы қобалжымау керек. Қобалжысаң көп біліп тұрған нәрселеріңнен қателесуің мүмкін. Сосын дайындық керек. Жан-жақты білу керек. Ең бастысы сол сасқалақтамау, қобалжымау деп ойлаймын.
Ерназ Қадыров, Семей білім-инновация лицейінің оқушысы:
-10жылда әлем жақсы жаққа өзгереді деп ойлаймын. Себебі қазір біз даму үстіндеміз. Әлем тез-тез дамып жатыр. Өте тез қарқынды. Сол үшін менің ойымша әлем технологияға бетбұрысынан кейін жақсы тез дамиды технологияларға бетбұрыс артады.
Облыс атынан жеңімпаз атанған оқушыларды республикалық кезеңге дайындау үшін арнайы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Түрлі пәндер бойынша тәжірибелі ұстаздар, жоғары оқу орындарының білікті ғалымдары балаларды дайындайды. Ұстаздардың сөзінше «ХХІ ғасыр көшбасшысы» шәкірттердің он бір жыл бойы жинаған білімін сарапқа салатын жауапты сын.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов