Техникалық мамандардың додасына 76 мемлекет қатысты. Қазақстандық команда электромобильдерге арналған тапсырмаларды орындауда ерекше көзге түсті.
Италия, Франция сынды автокөлік өндірісі державаларын шаң қаптырып, үшінші орын иеленген жігіттер осы. Жас техниктер электрмобиль бағытында мықты шеберлік көрсете алды. Олар заманауи көлікке 10 минутта диагностика жасады. Ілияс Исақанов жарыстың оңайға соқпағанын айтады. Дегенемен алған білімі жарға жықпаған.
Ілияс Исақанов, студент:
- Сайыс өте күрделі болды. Себебі бір емес, бірнеше саланы қамтыды. Ал электромобиль бағыты өзіме өте қызық болды. Біздің елде мұндай көліктер көп деуге болады.
Болашақ мамандар автопилот режиміндегі электромобильдерді де ұршықша иіреді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Мінеки, жүргізушінің қолы тимесе де өздігінен жүре беретін көлік сонау болашақтың еншісіндегі шаруа емес. Бұл осы заманың жемісі. Ал өскемендік жас техниктер мен инженерлер бұл ақылды автокөлікті қалай басқаруды ғана емес, оған диагностика жасап, сервистік қызмет көрсетуді меңгеріп алған.
Команда мүшелері сайысқа қара жаяу бармаған. Олар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы негізінде ашылған «Лу бань» көлік шеберханасында біліктілік шыңдап, әбден машықтанды. Қазірдің өзінде техниктерді жұмысқа шақырып жатқан мекеме көп.
Сәуле Рахметуллина, университет ректоры:
- Мысалы, қазір осы Қытай концерні – үлкен концерн және осы Қазақстандағы автомобильдерді, электромобильдерді шығаратын компаниялар біздің студенттерге, бізге сұраныс көп түседі және ұсыныстар өте көп.
Автоөндіріске кадрлар қашанда қажет. Биыл елде 149 мыңнан аса көлік шығарылды. Машина құрастыру саласында 4 мың кәсіпорын жұмыс істейді. «Алдағы уақытта автокөлік өндірісінде электромобильдер үлесі де арта түседі», - дейді мамандар.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин