Ақмолалық жас ғалымдар инновациялық жобаларын ұсынды

  • 9
  • 19.11.2025, 19:42

Көкшетауда өткен өнертапқыштар сайысында ақмолалық жас ғалымдар инновациялық жобаларын ұсынды. Байқаудағы негізгі басымдық экология, энергетика және ақпараттық технологияға берілді. Өнертапқыш өрендер осы бағыттағы жобаларын көпшілікке таныстырды. Жалпы жыл сайын өтетін байқауға биыл 70-тен астам адам қатысқан. Оның тек төртеуі ақтық сынға жолдама алды. 

Білім мен ғылымды ұштастырған жас ғалымдардың жобасы бірінен бірі өтеді. Мысалы, болашақ құтқарушы Расул Ембергеннің тың жобасы өрттің шығуын ғана емес, оның ауқымы мен таралуын да анықтауға мүмкіндік береді.

Расул Емберген,  М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанты:

-Біз өз жобамызға жасанды интеллектіні де еңгіздік. Оның көмегімен өрттің ауқымын тез анықтауға болады. Оның қаншалықты таралып жатқанында біле аламыз. Бұл өз кезегінде сала мамандарының жұмысын жеңілдетеді. Алдағы уақытта осы жобамызды әрі қарай жандандырып, өз тәжірибемізде қолданамыз деген ойдамын. 

Ал Берік Айтпайдың жобасы тіптен ерекше. Ол балкон мен саяжайларға қажетті күн панелін ойлап тапқан. Оның көмегімен энергия көзін үнемдеп тұтынуға болады. «Қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталады»,– дейді жас ғалым.

Берік Айтпай, студент:

-Бұл негізі 3 бөліктен тұрады. Күн панелі, батерей және индуктордан. Индуктор батарей толған кезде тоқты алмайтындай және өрт болған уақытта энергия көзін бірден суырып тастайды арнайы датчиктер арқылы. Бұл техниканың бәрі арнайы датчиктер ғой. Сол датчиктердің арқасында барлығын есептеп, қауіпсіздік қамтамасыз ете аламыз. 

Бастамашыл жастардың жобаларына сарапшылар да ерекше қызығушылық танытты. Бірақ жұмысты әрі қарай жандандыру үшін қолдау қажет. Сондықтан алдағы уақытта жас ғалымдардың жобасы мен жоспары арнайы бизнес алаңдарда талқыланбақ. Айта кетейік, былтыр бұл байқауға 60 жоба қатысқан.

Идар Хамзин, ұйымдастырушы:

-Былтыр бізде осы төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп, әрқайсысы 1 млн теңгеден сыйақы алған болатын. Жеңімпаздар қолдау алған соң әрі қарай да республикалық деңгейде осы идеяларын жаңартты. бұл азаматтардың әрі қарай ойларын жетілдіру үшін арнайы алаң бөлініп, сол жақта білікті мамандар дайындық көрсетіп, идеяларын жаңартып, келесі кезең халықаралық жарыстарға дейін қатысуға мүмкіндік алды. 

Байқау нәтижесінде жүзден жүйрік атанған 4 жеңімпазға ақшалай сыйақы табысталды. Бұл қаржыны олар өз жобаларын жүзеге асыруғы жұмсамақ.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный