Өскеменде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Онда алыс-жақын өңірден жиналған 35 оқушы қатысып білімін сынады. Зеректік пен жылдамдық, алғырлық пен тапқырлық талап етілетін бұл сайыстан топ жарған 5 өрен республикалық деңгейдегі жарысқа жолдама алды. Бұл жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңіне жалпы 35 бала қатысты. Күршім,Зайсан, Тарбағатай, Риддер сынды алыс жақын ауылдан ат арылтып келген үміткерлер көп. Олардың барлығына 60 сұрақтан құралған тест тапсырмасы ұсынылды. Осы сынақтан үздік шыққан он бала ғана соңғы айналымға ілікті.
Соңғы айналымның жүгі жеңіл болмады. Оқушылар спорт, өнер, табиғат, ұлы есімдер бағытын қамтыған сұрақтарға жауап берді. Дегенмен білім соңына түскен жастардың меселін ешнәрсе қайтара алмады. Оқ бойы озық шыққан бес үздік республикалық жарысқа жолдама алды. Солардың бірі Мерей Бердібеков. Риддер қаласынан келген жеткіншекті негізі биология ғылымы қызықтырады. Алайда осы жолы өзіне таңсық бағытқа ерекше ден қойып дайындалыпты.
Мерей Бердібеков, Риддер қаласы №16 мектептің оқушысы:
-Өзім кітап оқыдым, өнер бағытында мүлдем нашар болатынмын. Сол өнер бағытында көп кітап оқуға тырыстым, біздің ұлы тұлғалар туралы оқуға тырыстым, сөйтіп дайындалдым.
Ал Дарина Нұрланова Күршім ауданынан келіп бақ сынады. Ауыл мектебінің мүмкіндігі көп дейді ол. Сондықтан жарысқа тыңғылықты әзірленген. Бірақ спорт тақырыбындағы сұрақтардан сәл қиналғаны байқалды. Енді сол осал тұсын дамыты түспек
Дарина Нұрланова, Күршім ауданы №5 мектептің оқушысы:-Шалғайдағы өлкеден осы сайысқа үлкен үміт артып келдім. Спорт жағынан аз білетінінді көрдім. Одан кейін тұлғаларды да ұмытып қалыппын. Сол жағын қаттырақ меңгеру керек.Еңлік Тұрсынова да Даринаның жерлесі. Күршімнен келген ол көшбасшы болудың оңай емес екеніне көзім жетті дейді. Сайыстың тартысты өткенін де жасырмады. Білімге құмар қыз болашақта дипломат болуды армандайды
Еңлік Тұрсынова, Күршім ауданы Н. Островский атындағы мектептің оқушысы:
-Дипломат болғым келетін себебі мені басқа елдер мен қарым-қатынас қызықтырады, яғни саяхаттау басқа тілде басқа өркениет қызықтырады сол себепті мен осы дипломат мамандығын таңап отырмын.
Өскемендегі №46 мектеп оқушысы Айзере Тоқтасын мен Дарынды балаларға арналған мектеп лицей интернатының оқушысы Ақнұр Бекмұқан да қатарластарынан қалыспай, жеңімпаз атанды. Мамандар болса, бұл интеллектуалдық бәсеке балалардың ой-санасын сергітіп, зеректікке баулиды деп санайды
Әлима Ақылбек, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Мектеп бағдарламасы бар, бірақ оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға көп ықпал етіп жатыр. Біздің тосын сұрақтар қойылғанда балаларымыз тез сол тосын сұраққа жауап бере алса деп ойлаймыз. Оқушылар тек тестке ғана жауап бермейді ғой, сонымен бірге сұраққа жауап бере алса, өз ойларын жеткізе алса деген ниетте енді ойларын ары қарай дамытады.
Үздік бестік енді ел бойынша өтетін зияткерлер кездесуінде өңір намысын қорғайды. Олар үшін облыстық кезең нағыз тәжірибе алаңына айналды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов