Жамбыл облысында «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысына 600-ге жуық оқушы қатысты

  • 27
  • 02.12.2025, 19:39

Олардың арасынан аудан, қала деңгейіндегі кезеңдерде бақ сынап, білім бәйгесінің облыстық кезеңіне 120 бала жолдама алды. Сол жеңімпаздар Таразда өткен өңірлік сайыста бағын сынады. Үздік шыққан 5 оқушы республикаға жолдама алды.

Білім сайысына бақ сынауға келген 120 оқушының бәрі аудандық сайыста топ жарған үздіктер. Барлығы облыстық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық додаға баруға үмітті. Жалпы өңірлік іріктеу 2 сайыстан тұрады.  

Майра Есенәлиева, «Жамбыл дарыны» ғылыми практикалық орталығының директоры:

-Зияткерлік ойынның мақсаты – оқушылардың бойындағы білімге деген ынтасын арттыру. Жоғары интеллектуалды қабілетті оқушыларды және дарынды оқушыларды қолдау болып табылады. Аталған ойынды біз екінші жыл өткізіп отырмыз. Өткен жылға қарағанда оқушылар саны екі есе артып, бұл ойынға деген қызығушылық өте жоғары

Оқушылар алдымен мектеп бағдарламасы мен логикалық сұрақтар қамтылған тестке қатысты. Алғашқы кезеңге 1 сағат 15 минут уақыт берілді. Тестілеу нәтижесінде ең жоғары балл алған 10 сайыскер екінші айналымда сынға түсті  

Диас Рузи, IT лицейінің оқушысы:

-«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысын мен өзім ауылдан «Хабар» арнасынан кішкентай кезімізде көретінбіз. Соған еліктеп осы өзімнің бағымды сынап көрдім және де 1-турдан өтіп, екінші турға да дем дегенде жеттік.  

Меруерт Аманбай, Ә. Бөкейханов атындағы гимназияның оқушысы:

-Көптеген балалар білімді ақылды зияткер болғанымен олар өшіп қалады. Оларға осы әлемге көріну үшін осы зияткерлік ойын өте үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сол үшін бұл өте керемет ойын.

Облыстық сайыстың нәтижесі бойынша бұл жолы республикалық кезеңге тараздық 5 оқушы өтті. Аманбай Меруерт, ⁠Рузи Диас, Қанат Нұрқанат пен Әділбек Нұрдәулет және Ошан Диана өңір намысын қорғайды  

Нұрқанат Қанат, дарынды балаларға арналған Білім инновация лицейінің оқушысы:

-Бізде енді жеке мүдде емес, Жамбыл облысының абыройын ардақты түрде қорғау дитін мақсат тұрады. Республикалық кезеңге өту біздің мойнымыздан жауапкершілікті ысырып тастамайды, керісінше екі есе жауапкершілік жүктейді. Біз ол жерде Жамбыл облысының намысын қорғауымыз керек. Сол үшін топтық жұмыстар жасаймыз.

Ақтық сынға жолдама алған жас дарындар енді «Жамбыл дарыны» ғылыми-практикалық орталығында дайындалады. Көмекке пәндік олимпиадада жетістікке жетіп жүрген ұстаздар мен психологтар жұмылдырылмақ.  

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді