Отандық астрофизиктер әлем ғалымдарымен бірге аспандағы бейтаныс құйрықты жұлдызды бақылап отыр. 3I/ATLAS кометасы бірнеше ай бұрын анықталған. Күн жүйесіне жақын ұшқан құйрықты жұлдыздың шығу тегі, бағыты анықталып, құрылымы зерттеліп жатыр. Ғалымдар біздің телеарна үшін арнайы бейнежазба дайындады.
Бейнежазбада 3I/ATLAS құйрықты жұлдызының қозғалысы таспаланған. 200-ден аса кадр таң ата түсірілген. Бұл комета Чилиге орнатылған ATLAS жүйесімен анықталыпты. Құйрықты жұлдыз әлем ғалымдарының жіті бақылауында. Себебі басқаларға қарағанда өзгеше екен. Нақтырақ айтсақ, өте жарық, жылдам қозғалады және түсі де бірнеше рет өзгерген.
Надежда Вайдман, Фесенков атындағы Астрофизика институтының ғылыми қызметкері
- Бұл аспан денесі бізге бөтен жұлдыздық жүйеден келді. Сондықтан ғалымдардың назарын аударып отыр. Оның табиғаты да ерекше және ғалымдарға өзге жұлдыздық жүйелердің ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Өйткені біздің күн жүйемізде қалыптаспаған.
Ғалымдардың айтуынша, құйрықты жұлдыздың көмірқышқыл газы нормадан 8 есе жоғары екен. Кометаның қазіргі қозғалысы Солтүстік Тянь-Шань тауындағы АЗТ-20 телескопымен бақыланып отыр.
Максим Кругов, Фесенков атындағы Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері:
-Кометаны бақылау наурызға дейін немесе одан да ұзап кетуі мүмкін. Ең бастысы жарығының өзгеруіне қараймыз. Себебі оның жарығы күшейіп келеді. Біз осы комета арқылы өзге ғаламшар жүйесінің қалыптасуын зерттей аламыз.
Құйрықты жұлдыз күн жүйесін көлденең кесіп өтіп барады. Бірнеше айдан кейін біздің ғаламшар жүйесінен шығып кетеді. Ғалымдар осы уақытты тиімді пайдаланып, өзге ғарыш денесін зерттеп жатыр.
Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев