Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агентігінің ұйымдастыруымен өткен білім додасына барлығы 200-ге жуық оқушы қатысты. Кіл мықтының ішінде кім мықты болды?
«ХХI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңіне 24 оқушы қатысты. Солардың бірі Аяулым Марат. Енді ол өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.
Аяулым Марат, мектеп оқушысы:
- Республикалық этап бізге грант ұтып алуға көмектеседі деген бір сенім, үміт бар. Мен өзім биология-химия пәнін таңдап жатырмын және де медицина мамандығына түскім келеді. Астана қаласынағы медицина университетіне және осындай сайыстардың арқсында мен өз арманыма жетемін деген үміттемін.
Облыстық кезеңде оқушылар компьютерлік тестілеуден өтті. Әр қатысушы 75 минуттың ішінде 60 сұраққа жауап беруі тиіс. Сайысқа олар үшін ата-аналары мен мұғалімдері де жанкүйер болып келді.
Меруерт Мұқанова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің мұғалімі:
- 21 ғасыр көшбасшысы интеллектуалды ойынына мектебіміздің оқушысы Амангелді Кәмилә қатысып, бүгінде міне, республикалық кезеңге жолдама алып отыр. Бұл интеллектуалды сайысты қайтадан Білім министрі қолға алып «Хабар» Агенттігімен дарынды, талантты оқушыларды жан-жақты етіп дамытуда.
Жоба «Хабар» Агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды. Оған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аудандық және қалалық деңгейде 200-ге жуық оқушы қатысты.
Бақыт Ғабдулина, «Қызылжар дарыны» орталығының директоры:
- Тапсырмалар оқушылардың білімін және логикалық ойлауын тексереді. Ең жоғары балл жинаған 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама алады. 21 ғасыр көшбасшысы – ойлайтын, белсенді жастарды қолдайтын жоба. Бұл алаңда ертеңгі көшбасшылар қалыптасады.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жеңімпаздарды енді республикалық кезең күтіп тұр. «Жалпы бұл сайыс олардың көшбасшылық қырын ашуға мол мүмкіндік береді», - дейді оқушылар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов