Бұл оқушылардың құқықтық сауаттылығын, әділдік мәдениетін және жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған кешенді бастама.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасынан қалыптасатынын айтқан. Мектеп оқушылары да заңды сыйлайтын, тәртіпке бағынатын ұрпақ өсіп келе жатқанын дәлелдегісі келгендей, «Әділет мектебі» жобасының алғышарты ретінде әлеуметтік және құқықтық тақырыптарға бірнеше бейнеролик дайындапты. Алуа Мыңбаева, №97 мектеп-гимназиясының оқушысы:-Біз буллинг, «есірткі сақтау», зорлық-зомбылық сияқты түрлі әлеуметтік тақырыптарға арналған фильмдер түсірдік. Оқушылардың өздері актер, өздері режиссер болып, сценарийлерін де өздері жазды. Дені құқықтық тақырыптарды қамтимыз. Тіпті оқушылардың сыртқы келбетінен бастап, тәртібін бақылап отыратын «Заң мен тәртіп» атты жеке фракциямыз бар. Кейде инспектормен бірге түрлі кездесулер өткіземіз.Жоба аясындағы айтулы жаңалық «Әділдік алаңы» кабинетінің ашылу рәсімі болды. Мұнда дәл сот залындағыдай сот, прокурор, жәбірленуші мен айыпталушы, тіпті куәгер де бар. Бірақ оның барлығы 8-сынып оқушылары. Осылайша, олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырмақ.Зәмзәгүл Қиянова, №97 мектеп-гимназиясының директоры:-Мектеп-гимназия болғандықтан, мектептің миссиясы тілдерді тереңдетіп оқыту, тарих-құқықтану пәндерін тереңдетіп оқыту болғандықтан, «Әділет» жобасының концепциясы жоспары жасалған болатын. 2024 жылы біз толық сол концепциясын, бағдарламасын, теория ретінде, практика ретінде білім басқармасына ұсынып, қазіргі таңда ол бекітіліп, инновациялық жоба ретінде 8 мектепте іске асыру білім басқармасы тарапынан жоспарланып отыр. «Әділет мектебі» жобасының теориялық бөлімін құқық пәні мұғалімдері жүргізсе, практикалық жұмыстарға ғалымдар мен заңгерлер қатысып, академиялық адалдықты қамтамасыз ететін болды. Ал оны жүзеге асыру үшін жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алуа Маханбет, Әйгерім Бегенова, Руслан Тәуірше