Білімі мен білігі, ой-өрісі мен көшбасшылық қасиеті қатар ұштасқан 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесе ұйымдастырған білім бәйгесінің ақтық сынында Түркістан облысының намысын кімдер қорғайды?
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны - оқушылардың ойлау қабілеті мен көшбасшылық қырын шыңдайтын жоба. Биыл байқаудың облыстық кезеңіне аудандық және қалалық сайыста ең жоғары балл жинаған 165 оқушы қатысты. Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған дарын мектеп-интернатының екі оқушысы бірдей оза шауып, ақтық сынға жолдама алды. Еркежан Насыралы, байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы:-Негізі мен ешқандай қобалжусыз кірдім. Камералардан қорықпай күліп түстім. 3-4 рет шығарғанда жауабы шыққан сұрақтар болды. Олардың барлығын қорықпай белгіледім. Басты мақсатым - жақсы тапсырып шығу, өзіме ұнайтын орын болса болғанын қалағанмын.Мадияр Мұрат, байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы:-Әрбір сұраққа мен өзімнің білімнің арқасында дұрыс жауап беру арқылы келесі республикалық кезеңге өттім. Енді келесі республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысында қайтадан жүлделі орын алатыныма өзіме сенімдімін. Сондай-ақ Арыс қаласынан келген Арман Абилда, Кентаулық Сагдина Бекмурзаева және Созақ ауданы Науай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Байжан Тимур да республикалық кезеңге өтті. Майра Кенжебекова, Дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:-Былтырғы нәтижеге сүйенсек, республикалық кезеңге 5 оқушымыз қатысып, оның екеуі үлкен жүлделі орынмен қайтқан болатын. Бірінші орынды Жетісай мамандандырылған Дарын мектеп-интернатының оқушысы алды. Екінші орынды Сарыағаш дарын мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы алған болатын. Биыл да солай нәтиже күтіп отырмыз. Үздік бестікке енген оқушылар енді республикалық кезеңге дайындалады.Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов