Алматыдағы Satbayev университеті өңірлердегі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, жаңа технологияларды енгізуге атсалысуда. Бүгінде университет аймақтармен және бизнеспен бірлесіп, құны 14,6 млрд теңге болатын ғылыми жобаларды іске асырып жатыр. Соның ішінде ел Президентінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтылған сирек металдарды дамыту мен инженерлік кадрларды даярлауға қатысты бастамалар да бар. Дәл осы салаларда экономиканың болашағы мен елдің орнықтылығы қалыптасады. Жетекші университеттер үшін бұл жай ғана бағдар емес, күнделікті жұмыс. Президент көтерген идеялардың іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын Satbayev университетінің ректоры Мейрам Бегентаев айтып берді.
Мейрам Бегентаев, Satbayev University ректоры:
- Satbayev University үшін бұл күнделікті жұмыс тәртібі. Біз қолданбалы зерттеулермен айналысамыз, нақты тапсырмаларды шешетін жасанды интеллектіні дамытып келеміз. Кәсіпорындармен және өңірлермен тығыз жұмыс істейміз. Қазіргі таңда білім ордамызда 200-ден аса ғылыми жоба жүзеге асуда. Ал соңғы үш жылда бизнес университетке 5 миллиард теңгеден астам сомаға жобаларды іске асыруға тапсырыс берді. Сондықтан мақалада қамтылған мәселелер біз үшін маңызды.