Ақтауда «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының аймақтық кезеңі өтті

  • 13
  • 13.01.2026, 21:52

60-қа жуық оқушының арасынан 5 бала жеңімпаз атанды. Олардың екеуі Бейнеу ауданында, қалғаны облыс орталығында тұрады. 

Таңғы сағат 9. Осы уақытта Маңғыстау облысының дарынды жеткіншектері Ақтаудағы Оқушылар сарайына жиналды. 58 бала «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының аудандық кезеңінен сүрінбей өткендер. Әрқайсы тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп, өзінің білім деңгейін көрсетуді мұрат етіп келген. Олардың ұстаздары да тақым қысып, ата-аналармен бірдей қобалжып отырғаны байқалды.  

Әзима Серікбаева, Мұнайлы ауданы №19 мектептің мұғалімі:

- Оқушыға мұның берері көп деп ойлаймын. Оқушы жан-жақты болады. Көшбасшылық қабілеті оянады. Білімді болады, үйренуге қызығады.

Нұрболат Жағылшанов, қала тұрғыны: 

- «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының жас ұрпаққа беретін үлесі өте жоғары. Оқушылардың облыстық доданы оза шауып, өзінің облысының, өзінің мектебінің абыройын асқақтатуы – үлкен дәреже. 

Интеллектуалдық сайысқа қатысушыларға тест түріндегі 60 сұраққа жазбаша жауап беруіне 1 сағат 15 минут уақыт берілді. Сайыс қорытындысында Ақтау қаласы және Бейнеу ауданының 5 оқушысы жеңімпаз атанды. Фатима Мақсатова мен Фатима Серік Бейнеу ауылында тұрады. Аттас оқушылар биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер. Бірі келешек отандық ғылым саласында жаңалық ашуды жоспарласа, екіншісі дәрігер болуды армандайды.

Фатима Мақсатова, Бейнеу мектеп-лицейінің оқушысы: 

- Жарыс басталмай тұрып қобалжу болды. Жарыс біткеннен кейін өзімді жеңімпаз сезіну – өте керемет сезім. Мен мұны күткен жоқпын. Жалпы физика саласын, атап айтсақ, нанотехнология саласын таңдағым келеді. Себебі ол сала өте қызықтырады.

Фатима Серік, Бейнеу ауданы Ж. Қалдығараев атындағы мектептің оқушысы: 

- Менің потенциалымды байқап, осы жарысқа қатысып көруге ынталандырған сынып жетекшіме рақмет. Сенім білдірген ата-анама үлкен рақмет. Мұндай интеллектуалдық ойындарды бұрын теледидардан өзім қарайтынмын. Өте қызықты, әрі мотивация беретін еді.

Өңірлік сайыста ең көп балл жинаған 5 оқушы «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының республикалық кезеңіне жолдама алды. Жеңімпаздарға арнайы сертификат табысталды. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен сайысты «Каспий дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «Хабар» телеарнасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев