ХХІ ғасыр көшбасшысы: Ақтауда сайыстың облыстық іріктеу кезеңі өтті

  • 8
  • 15.01.2026, 21:41

Ақтауда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысының облыстық іріктеу кезеңі өтті. 60-қа жуық оқушының арасынан 5 бала республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды. Олардың екеуі Бейнеу ауданында, қалғаны облыс орталығында тұрады. 

Күшжігер анасына республикалық сайыстың аймақтық кезеңінен өткенін хабарлап, қуантты. Мектепті «Қызыл аттестатпен» бітіруді мақсат еткен оқушы келешек инженер-энергетик болуды армандайды. Ол интеллектуалды байқауда тест сұрақтарына жылдам әрі дұрыс жауап берген оқушының бірі. 

Күшжігер Жеткізген, облыстық кезеңнің жеңімпазы: 

-Өткен сұрақтар біздің осы 12 жылда қамтылған мектеп бағдарламасында болды. Сол себепті де оларға жауап беру аса қиындық тудырмады. Мысалға айтып кетсем, математика пәні мені ойымша тым оңай болған секілді.


Қаламқас Нұрбай сабақтан бос уақытта мәнерлеп өлең оқығанды ұнатады. Ұлт поэзиясының кемеңгері Абайдың қара сөздерін, жазушы Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жатқа біледі. Білімпаз қыз қазақ тілі және әдебиеті пәнінен олимпиадаларда талай рет топ жарған.

Қаламқас Нұрбай, облыстық кезеңнің жеңімпазы: 

-Менің ойымша әрбір білім додасы, интеллектуалдық ойындар қатысуға берері көп деп ойлаймын. 58 оқушының арасынан озып шыққаным мен үшін бір жаңалық болды. Шынымды айтсам мұны күткен жоқпын. Үлкен мотивация алдым. Оқуға. Алға ұмтылуға.
 

Бекжан – Жаңөазен қаласының тумасы. Зияткерлік мектебінде оның інісі Бақдәулет те оқиды. Ағайынды балалар дәрістен қолы қалт етсе, шахмат үстеліне жайғасып, ақыл-ой спортында бәсекеге түседі. Бекжан «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысында жоғары балл жинайтынына сенімді болған екен.

Бекжан Ерғали, облыстық кезеңнің жеңімпазы: 

-Көшбасшылар бір салада емес, бірнеше салада өз білімін қарастыруы керек. Мен бірнеше университке тапсырдым. Жауап алдым Британ университетінен. Менің негізгі бағытым – бұл химиялық инженерия. Осы инженерия бағытымен болашақта Қазақстанға оралып, өз үлесімді қосқым келеді.
 

Иннетектуалды сайыста Бейнеулік Фатима Мақсатова мен Фатима Серіктің мерейі үстем болды. Аттас оқушылар биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер. Бірі келешек отандық ғылым саласында жаңалық ашуды жоспарласа, екіншісі дәрігер болуды армандайды.

Фатима Мақсатова, облыстық кезеңнің жеңімпазы:

-Қобалжу болды жарыс басталмай тұрып. Жарыс біткеннен кейін өзімді жеңімпаз сезіну бұл енді өте керемет сезім. Мен мұны күткен жоқпын. Жалпы физика саласын, атап айтсақ нанотехнология саласын таңдағым келеді. Себебі ол сала өте қызықтырады.
 

Фатима Серік, облыстық кезеңнің жеңімпазы: 

-Менің потенциалымды байқап, осы жарысқа қатысып көруге ынталандырған сынып жетекшіме рақмет. Сенім білдірген ата-анама үлкен рақмет. Мұндай интеллектуалдық ойындарды бұрын теледидардан өзім қарайтынмын. Өте қызықты әрі мотивация беретін еді. 

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының аймақтық кезеңіне  60-қа жуық оқушы қатысып, 5 бала тестілеуден сүрінбей өтті. Енді олар респубилкалық кезеңде Маңғыстау өңірінің намысын қорғайды. Ақтық сынның жеңімпаздары елдегі жетекші оқу орындарының грантын иеленеді. Зияткерлік жобаны Оқу-ағарту министрлігі «Хабар» агенттігі бірлесіп ұйымдастырды. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев