Қостанайда соңғы жылда кітап оқитын балалардың саны екі есеге артыпты. Оған негізінен «Адал азамат» бағдарламасы ықпал етті, - дейді ұстаздар. Әсіресе «Балалар кітапханасы» жобасы өз жемісін беріп отыр.
Қостанайдағы №28 мектеп–лицейде 500-ден астам бала оқиды. Мұнда жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге аса мән береді. Әсіресе кітап оқуға дағдыландыру ерекше назарда.
Гүлдер Нұрманова, кітапхана меңгерушісі:
- 2025 жылы мектебімізде «Ақылды кітапхана» деген электронды жүйе орнатылды.Сол жүйе бойынша жұмыс жасаймыз. Оқушылар осы жобаға байланысты өздеріне ұнаған кітаптарын алады. Сол кітапты мен электронды жүйеге тіркеймін. Біздің мектебімізде 535 бала бар. Соның ішінде 350 бала, кітапты 70 проценті оқиды.
Мектеп кітапханасының қоры оқушылардың сұранысына сай, демеушілердің көмегімен үнемі толықтырылып отырады.
Жансая Исмайлова, мектеп директоры:
- Кітапханамызда арнайы балаларға арналған осы жоба аясында бұрыш дайындадық. Бұл бұрышта негізінен балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты, олардың қызығушылықтарына байланысты, сұранысқа ие кітаптарды қояюға тырысамыз және үнемі ай сайын ол жаңартылып отырылады.
Балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани көкжиегін кеңейтетін тағы бір жоба «Бір мақал – бір бауырсақ» деп аталады. Үзіліс кезінде мақал айтқан оқушыға тәтті бауырсақ беріледі.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Өмірлік қағидалар мен моральдық бағдарлар отбасы мен мектепте қалыптасады. Сондықтан бұл негізгі институттар әрдайым ерекше назарда болуы қажет», - деді.
Ардагер ұстаз Қымбат Сұлтанова бұл ұстанымды қолдайды. Оның айтуынша, жас ұрпақ тәрибесінде барлық тараптар бірлесе жұмыс атқаруы керек.
Қымбат Сұлтанова, «Адал азамат» бағдарламасының үйлестірушісі:
- Білім мен тәрбие егіз деп айтады ғой, сонда мен мысалы, кейбір кезде өзімнің жиналыстарымды, ата-аналар жиналысын балалармен бірге өткіздім. Біздер оқушының да үнін естуіміз керек. Қазіргі замануи тағылымда олардың ұғымдары кішкене басқаша, сондықтан оны біріктіріп, бірлестіріп, ата-ананы қосып, соны түсіндіруді де қолға алып жатырмыз.
Ұстаздың пікірі Президенттің «Ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін жастардың бойына сіңіру қажет» деген тапсырмасымен үндес келіп тұр. Бүгінде Қостанай облысында «Адал азамат» бағдарламасы аясында 160 мың бала тәрбие жұмысымен қамтылған.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров