Қазақстанда түркі тілдерін тануға арналған ең ірі жасанды интеллект моделі әзірленді. Cybernet AI стартап жобасы қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан және татар тілдерін жетік меңгерген. Орталық Азия елдері үшін бұл алғашқы ауқымды жоба. Бұған дейін өңірде негізінен ағылшын тілді жүйелер қолданылып келген. Бірақ олар түркі тілдерінің фонетикалық ерекшеліктерін ескермеген еді. Енді жаңа жүйе бұл олқылықтарды жойып, call-орталықтарға, логистика және мемлекеттік қызмет көрсету саласына пайдасын тигізбек.
Дилшат Әбдірахманов, Cybernet AI компаниясының директоры:
- Ерекшелігі – ол басынан бастап түркі тілдерінде ойлайды. Нарықтағы көптеген шешімдер, мысалы, ағылшын тілінен аударылып, бейімделген модельдер. Соның салдарынан морфологияда, диалектерде, кірме сөздерде көп қате кетеді. Ал біз өзіміздің моделімізді түркі тілдерінің нақты фонетикасы мен тірі күнделікті сөйлеу тіліне үйреттік.