Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының облыстық іріктеу кезеңі өтті

  • 10
  • 23.01.2026, 21:51

Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Жоғары интелектуалды қабілеті бар оқушыларды қолдауды мақсат еткен байқауда 25 талапкер білім бәйгесіне түсті. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны интелектуал оқушылар арасында ерекше танымал жоба. Жеке облыс болып құрылғалы ұлытаулық оқушылар бұл сынға екінші  рет қатысып отыр. Мектепішілік алғашқы іріктеу турына қатысуға тілек білдірген барлық оқушыға бірдей мүмкіндік берілді. Облыстық кезеңде жүзден жүйрік шыққан 25 үміткер бақ сынады.

Руслан Төлен, «Ұлытау дарыны» орталығының директоры:

- Былтырға облыстық деңгейге қатысқан оқушыларымыз республикалық деңгейде өздерінің білімдерін жақсы көрсете алды. Тіпті облыс қоржынына жеңімпаз деген атақты да алып келген болатын. Былтырғы қатысқан оқушыларымыз Алматы қаласындағы мемлекеттік университеттен грант ұтып алды. Былайша айтқанда, бұл жобаның интелектуалды сайыстың оқушыларға беретін мүмкіндіктері өте зор. 

Сайысқа қатысушылар 1 сағат 15 минут ішінде тест түріндегі 60 сұраққа жауап берді. Тест тапсырмалары мектеп бағдарламасына сәйкес жасалған. 

Бағлан Оразалы, Сәтбаев қаласындағы №3 мектептің мұғалімі:

- Осы проект біздің бала кездегі көп қараған жобалардың бірі. Біз де осыдан 10 жыл бұрын оқушы болдық және «XXI ғасыр көшбасшысына» қатысып, республика төрінде, «Хабар» арнасында ауылымыздың абыройын қорғасақ деп армандадық. Бірақ ол арманға жете алмай қалсақ та, міне, шәкірттеріміз соған бір қадам жасап жатыр. 

Облыстық кезеңде Сәтбаев қаласынан 5 оқушы бақ сынады. Олардың барлығы республикалық пән олимпиадаларында үздік атанып жүрген шәкірттер. Солардың бірі Зарина Өмірәлі. Ол болашақта заңгер болуды армандайды. 

Зарина Өмірәлі, облыстық іріктеу кезеңіне қатысушы:

- Бұл сайысқа қатысудағы мақсатым – «XXI ғасыр көшбасшысы» атану. Республикалық кезеңге жолдама ұтып алу десем де болады. Өзіме сенімдімін. Алып шығам деген ойдамын. Көңіл күйім тамаша. 

Гүлім Мұхамбетжан, облыстық іріктеу кезеңіне қатысушы:

- «Хабар» телеарнасынан осы «XXI ғасыр көшбасшысын» көріп, үйдегілермен отырып қызығып, бір-бірімізбен сұрақтарын талдаймыз. Бұл сайыс туралы бұрыннан білем. Өзім де қатысқым келген. Енді осы жылы осындай мүмкіндік беріліп, сайысқа келіп тұрмын. 

Сайыстың ашық әрі әділ өтуін арнайы комиссия бақылады. Іріктеуге қатысқан 25 оқушының ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 талапкер  республикалық кезеңге жолдама алды. Оның біреуі Сәтбаев қаласынан, қалғандары жезқазғандық оқушылар. Олар енді Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайды. 

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев