Алматылық мұғалім әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енді

  • 2479
  • 29.01.2026, 11:31

Алматылық  химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарына енді. Global Teacher Prize халықаралық байқауы қорытындысын шығарып, ұстаздардың тізімін өзінің сайтында жариялады. Мемлекет басшысы Татьяна Белоусованы осы беделді байқаудың финалисі атануымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әрдайым ұстаздардың мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайтындығын жеткізді.  

Global Teacher Prize халықаралық байқауының портфолиосын жасау да оңай шаруа емес. 15 түрлі эссе жазылып, бейнефильм түсірілуі керек. Одан өзге де шарттары жетіп артылады. Химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова осының бәрін орындап шықты. Өйтетіндей жөні бар. Білім саласында еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан асқан. Еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар. 1984 жылы 95-ші мектепке қабылданған.

Татьяна Белоусова, №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі:

- Әрине, бұл байқауға қатысып, оның талабын орындау үшін табандылық керек. Мен былтыр да қатысқам. Ол кезде іріктеуден өткен 100 педагогтың қатарынан табылдым. Одан кейінгі кезеңде үздік 50-ді таңдап алады. Биыл тағы бағымды сынап көріп, сол 50-дің қатарынан табылдым. Білесіздер, химия оңай пән емес. Оқушыларымның сабақ соңында тақырыпты жақсы түсіндік дегені – мен үшін үлкен бақыт. Ең үлкен баға мен үшін осы.

Бұл жолы байқауға әлемнің 139 елінен 38 000 өтінім түскен. Солардың ішінен 5 000, кейін 100, соңында ең мықты 50 үміткер іріктеліп алынған. Олардың қатарында педагог-шебер, «Қазақстанның үздік ұстазы – 2024» құрметті атағының иегері Татьяна Белоусова да бар.

Айгүл Сағындықова, №95 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Татьяна Геннадьевна 2024 жылы «Жыл мұғалімі» атағын алып, 10 млн теңге ұтып алды. Сол 10 млн теңгенің едәуір сомасын бізде мектепте жақсы оқитын балалалрға планшет, телефон, компьютер сияқты сыйлықтырды тарту еттті. Ол үлгі тұтарлықтай мұғалім. Татьяна Геннадьевна заман талабына сай балаларға химия пәнін ағылшын тілінде үйретіп жүр. Үлкен ютуб-каналы бар.

Татьяна Белоусованы ұсынғандардың қатарында АҚШ-тағы Йель университетінің оқытушысы Сергей Дергунов пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы Дарья Можаева бар. Одан дәріс алған талай шәкірт қазір ел игілігі үшін еңбек етіп жүр.

Әлима Қасенова,10-сынып оқушысы:

- Мен Татьяна Геннадьевнаны үлгі тұтамын. Қазір біз оқып жатқан химия оқулығының авторы. Әрине, оқулықты жазған маманнан дәріс алу бөлек сезім. Ол кісі әр сабақтың соңында 5 минут уақытты химияға қатысты заңдылықтарды талқылауға қалдырады.

Айта кетейік, Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бесінші рет қатысып отыр. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енді. Ақпан айының басында Дубайда өтетін Дүниежүзілік білім беру форумында байқау финалистерін марапаттайды. Татьяна Белеусова келесі жылы да бағын сынап, үздік 10 ұстаздың қатарына кіруді жоспарлап отыр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев