Белгілі ғалым, абайтанушы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына биыл 110 жыл. Осыған орай Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Ұстаз бен шәкірт. Рухани сабақтастық» атты әдеби басқосу өтті.
Жиналғандар ғалымның қазақ әдебиеті мен ғылымындағы өлшеусіз еңбегі, оның Мұхтар Әуезовпен рухани-ғылыми сабақтастығы жайлы келелі пікірлер айтты. Саналы ғұмырын Абайды зерттеуге арнаған ол бұл бастамасы үшін 1951 жылы жазықсыз айыпталып, 25 жылға сотталады. Алайда ақталған соң қазақ үшін құнды рухани мұра саналатын Абай мектебін зерттеуді жалғастырады. Қазір сол сүбелі еңбектері – ғылыми ортаның темірқазығы.
Серікқазы Қорабай, абайтанушы:
- Қайым Мұхамедханұлы текстология ғылымының негізін салушылардың бірі. Бұл рете 1959 жылы Қайым Мұхамедханұлы «Абай шығармаларының текстологиясы» атты үлкен кітабын шығарған болатын. Бұл кітап әлі күнге дейін сирек кітап. Ғалымдардың қолынан түспейтін үлкен оқулық іспетті үлкен мұра болып қала береді.