Жетісу облысында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысының жеңімпаздары анықталды

  • 2316
  • 30.01.2026, 21:54

Жетісу облысында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысының облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары анықталды. 600-ден аса баланың ішінен бес оқушы  зияткерлік сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды. 

Ақбота Сәбитова мен Аружан Жұмәділ Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп-лицейде оқиды. Бір сыныпта білім алатын жас дарындар «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Осылайша оқу ордасында ғана емес, өңірдегі озат оқушылардың бірі екенін дәлелдеді.

Ақбота Сәбитова, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

- «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысы мен үшін өте маңызды. Себебі бұл сайыста менің түскім келетін жоғарғы оқу орнының гранты бар. Бұл университетке түсу үшін мен қадамдарымды жасап жатырмын. Бірақ бұл сайыс арқылы мен өзімнің арман-мақсатыма тезірек жете аламын.   

Аружан Жұмәділ, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

- Бірінші орын аламын деп мен күтпеген едім. Бірақ өте қуаныштымын. Болашақта мен Қазақстанның дамуына үлес қосатын азаматтардың бірі боламын деп ойлаймын. Мен өте қуаныштымын. Себебі осы сайыс маған грант ұтып алуға мүмкіндік береді және менің болашағыма жол ашады. 

Ал Әлхам Бауыржан Текелі қаласындағы №9 орта мектепте білім алады. 11 сыныптың оқушысы құқықтану пәнінен облыстық олимпиаданың жеңімпазы. Заң саласына қызығатын жас өрен әке жолын жалғамақ.  

Әлхам Бауыржан, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

- Біз заңгерлер отбасымыз. Апам прокурор болғандықтан өзім заңға қатты қызығам. Қоғамдағы заңның бұзылмауын қадағалап, әділ қызметтерді атқарғым келеді. 

Білім додасында бірінші орын алғанын сүйіншілей жеткізген Дархан Жанғазы. Ол байқауға Панфилов ауданындағы Еңбекші ауылынан келді. Ата-апасының мейіріміне бөленіп өскен жас үй шаруасына да қолғабыс етеді. Ербол Сыпатаев атындағы мектептің оқушысы іріктеу кезеңінен өту арқылы арманына бір табан жақындады. 

Дархан Жанғазы, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

- Азаматтық ұшқыш мамандығын таңдап отырмын және менің мақсатым десем болады. Қандай мамандық таңдасақ та, ең бастысы, еліміз үшін адал қызмет етіп, өз елімізді әлемге таныту – біздің ең басты парызымыз.

Даниял Досымұлы салауатты өмір салтын ұстанып, музыкаға әуестенеді. Қарабұлақ орта мектебінің оқушысы келешекте білікті дәрігер болғысы келеді. Сол үшін биология пәнін тереңдетіп оқып жүр. Оған қоса енді «21 ғасыр көшбасшысы» байқауына да тыңғылықты дайындалады. 

Даниял Досымұлы, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:

- Отбасым маған зор үміт артады, сонымен қатар мектепте мұғалімдер де маған сенеді. Солардың үмітін ақтау үшін республикалық кезең – үлкен мүмкіндік. Олардың үмітін ақтап, республикалық кезеңде орын алуға тырысамын. 

Аймақтағы сайысқа қатысқан 600-ден аса оқушының ішінен оза шапқан оқушылар енді республикалық кезеңде сынға түседі. Жеңімпаз атанғандар тұтас елге танылып, ЖОО грантын жеңіп алады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев