«Смартфонсыз мектеп» жобасы өңірлерде енгізіле бастады

  • 15
  • 18.03.2026, 21:41

Бүгін еліміздегі барлық мектепте қысқы оқу тоқсаны аяқталды. Оқушылар үшін ертеңнен бастап көктемгі демалыс. 11 күнгі үзілістен кейін мектептерде телефонға қатысты талап күшейтіледі. Оқу үрдісінде смартфон қолдануға тыйым салған елорда тәжірибесі енді өңірлерде енгізіле бастайды. 

11 жасар Аяжан ұлы Абайдың көп өлеңін жатқа біледі. Бұл телефон, планшет секілді гаджеттерден бойды аулақ ұстаудың нәтижесі дейді. Аяжан білім алатын мектепте байланыс құралдарын қолдануға тыйым салынған.   

Аяжан Ашымбекова, А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Өте ыңғайлы. Өйткені сабақ кезінде телефонға алаңдамайсың. Үзіліс кезінде достарыңмен бірге сөйлесесің, жылы қарым-қатынас орнатасың.Бір-біріңмен сөйлесіп жүреміз.

Бұл «Смартфонсыз мектеп» жобасын енгізген білім ұяларының бірі. Мұнда 2 мың 43 бала оқиды. Оқушылар сыныпқа келгенде ұяшыққа телефондарын қалдырады. Оны тек сабақ аяқталып, үйіне қайтарда алады. Бұл ереженің нәтижесі мұғалімдерді таңғалдырыпты.

Мақсат Падсабаев, А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бізде үзіліс уақытында бізде қосымша арнайы іс-шаралар болады. Спорттық, танымдық-спорттық шаралар бар. Сол іс-шараларға балалардың үзіліс уақытында балалардың белсенділігі артты деп айтуға болады және оқу процессінде үлгерімнің жақсы болғаны, балалардың кішкене тәртіптерінің дұрыс болғандығы осы жобаның әсері болғандығын айта аламыз.

Мектеп жасындағы балалардың смартфоннан аулақ болуы керегін психолог мамандар да жиі айтады. Олар мұндай бастама жасөспірімдердің білімге деген құштарлығын арттырып, оқу, ұғу, сөйлеу, жалпы жан-жақты дамуын дұрыс қалыптастырады дейді. Бар уақытын телефонға телмірумен өткізген жастарда көп ұзамай сауатсыздық пен түрлі аурулардың пайда болатынын зерттеулер дәлелдеген. Мамандар: «Баланы цифрлық құрылғыдан қорғау сәби кезінен басталуы керек»,- дейді. 

Зарина Кенжекар, психолог:

-Негізі 0-ден 3-ке дейін бала ата-анамен, жан-жағымен қарым-қатынаста болу керек және де сенсатив дейміз ғой: ұстап көріп, сөйлеп көріп, өз дыбысын шығарып отырып, сөйтіп отырып сөйлесу керек. Енді 3 жастан 7-жасқа дейін алатын болсақ, дамудың ең керемет кезі. Ол жерде оқулықтар, әріптер, сандар және де іс-қимылды жағдайлар көп болу керек. Телефон беріп қояды. Бала тыныш, рахат сиқты болып тұрады. Бірақ оның зардабын кейін шегеді.

Бүгінде Астанадағы барлық 100-ден астам мектеп «смартфонсыз мектеп» жобасына қосылды. Енді бұл тәжірибе ел өңірлеріндегі мектептерде енгізіле бастады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай