Алашорда үкіметінің тарихына қатысты тың деректер ғылыми айналымға енді

  • 8
  • 19.03.2026, 21:59

Алматыда Алашорда үкіметінің тарихына қатысты шетел мұрағаттарынан табылған құнды мәліметтер мен тарихи құжаттар таныстырылды. Олардың қатарында Алашорда үкіметі мен Чехословак корпусының байланысы, сондай-ақ Алаш көсемдерінің Жапония үкіметіне жазған хаттары бар. Ғылыми еңбектер Алаш қайраткері, Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай жарыққа шығып, айналымға енгізілді.

«Алашорда үкіметі мен Чехословак корпусының байланысы жайлы тарихта бұрын-соңды айтылмаған», - дейді зерттеушілер. Чехословак легионері Индержих Дворжак I дүниежүзілік соғыста әскери тұтқын ретінде қазақ жеріне айдалады. Еліне барған соң 1921 жылы қазақ халқының тұрмысы және сол кезеңдегі тарихи жағдайлар жайлы «Қазақтар арасында» атты естелік жазады. Кітапта алашорда мен чехословак легионерлері арасындағы байланысқа қатысты деректер де бар. Тың мәліметті жас зерттеуші Дінмұхаммед Байжұма Чехия архивінен тапқан.

Дінмұхаммед Байжұма, ҚР Ұлттық кітапхананың ғылыми қызметкері:

- Алашорда құрылған мезеттен бастап олар өздерінің тәуелсіздігін алу үшін басқа да шетелдің әскери бірліктерімен одақтастық жасаған. Олардың бірі – чехословак корпусы. Чехословак корпусының қайраткері, соның ішінде болған азамат Индержих Дворжак деген тұлға. Ол кісімен байланыс орнату барысында Әлихан Бөкейхан өзінің тәуелсіздік аңсайтынын жеткізеді. Алашорда өзінің нақты ұстанымынан таймаған. Оның нәтижесі чехословак корпусымен байланысы болып тұр.

«Алашорда үкіметінің 1919 жылдың қаңтар айында Жапон үкіметіне берген өтініш хатының тарихи да, саяси да маңызы зор», - дейді әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы. Бұл Алашорда үкіметінің тәуелсіз ел ретінде сыртқы саясат жүргізгенін көрсетеді. Хатта алаш қайраткерлері Жапон үкіметінен әскери техникалық көмек сұраған.

Сұлтанхан Аққұлұлы, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Бірақ Жапон республикасы Алашорда үкіметіне мәдени-гуманитарлық көмек беруге дайын екенін көрсетеді. Жапон үкіметі Алашорда үкіметіне Ресейдегі азаматтық соғыс салдарынан оқуын жалғастыра алмаған қазақ студенттері және бастауыш мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскісі келетін қазақ жастарын Жапонияның арнайы техникалық жоғары оқу орындарында Жапон үкіметінің қаржысы есебінен оқытуды ұсынады.

Зерттеушілер Алашорда үкіметінің тарихына қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы мұрағаты, Франция мен Чехияның архивтерін терең қазбалап, тың мәліметтер іздеу үстінде.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев