Шымкентте 6 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

  • 11
  • 06.04.2026, 21:35

Шымкентте алты мектеп заман талабына сай жаңартылады. Тізімге өткен ғасырда салынып, инженерлік жүйелері әбден тозған білім ошақтары еніп отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттарына қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін компанияға байқау жарияланды. Жөндеудің негізгі кезеңі оқу жылы аяқтала салысымен жазғы демалыста басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Айтуынша, әр мектептің еденінен бастап, шатырына дейін жаңғыртылады. Жылу, су және электр жүйелері толық ауыстырылып, заманауи бейнебақылау мен автоматты өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылады. Сондай-ақ биыл тағы осынша білім ордасының жанынан қосымша оқу корпусын салу жоспарланған. Айта кетейік, жалпы өңір бойынша 482 мыңға жуық оқушы білім алады.

Қуаныш Ысқақов, қалалық Білім басқармасының басшысы:

- Білім беру ұйымдарында оқу кабинеттерін жаңарту, жиһаздармен, оқу құралдарымен және техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылға қажетті қаржы бөлініп, 15 мектеп, 293 кабинет модификацияланатын болады.