Түркістан Орталық Азияның халықаралық білім хабына айналып келеді

  • 8
  • 10.04.2026, 21:32

Түркістан Орталық Азияның халықаралық білім хабына айналып келеді. Бүгінде шахардағы Woosong халықаралық университетінде Оңтүстік Корея, Үндістан, Пәкістан және Канаданың озық профессорлары дәріс беріп жатыр. Олар тек теорияны емес, жасанды интеллект пен жаһандық стартаптардың тілін үйретуде. Шетелдік ғалымдар неге Түркістанды таңдады және қазақстандық білім жүйесіне қандай баға берді?

Бүгінде Woosong университетінде халықаралық деңгейдегі 11 маман жұмыс істейді. Соның бірі Франция мен Оңтүстік Кореяның ғылыми ортасында шыңдалған ғалым Рахман Әли. Түбі Пәкістандық профессор өзінің академиялық саладағы тәжірибесін енді Түркістандық студенттермен бөліспек.

Рахман Әли, университет профессоры:

- Мен Жапонияда PhD қорғап, сонда жұмыс істедім. Бірақ Қазақстанның, әсіресе Астана хаб сияқты орталықтардың ЖИ саласындағы қарқынын білемін. Сондықтан өз білімімді осы елдің студенттеріне бергім келді.

Ал Үндістандық профессор Нитин Кумар Сингх Жапонияның Хиросима университетінің түлегі. Ол да сол елдегі зерттеушілік қызметін Түркістанға айырбастаған. Оны мұнда қазақ жастарының IT саласы мен цифрлық технологияға деген қызығушылығы таңғалдырған.

Нитин Кумар Сингх,  университет профессоры:

- Біздің студенттеріміздің әлеуеті өте жоғары. Олар қиындықтардан қорықпайды және креативті идеяларға бай. Біз қазір дәстүрлі дәріс форматынан бас тартып, тәжірибелік және жобалық оқытуға көшіп жатырмыз.

Халықаралық стандарт студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Мұнда тек офлайн емес, шекараның арғы жағынадағы білікті оқытушылармен онлаин дәрістер де қарастырылған. Бұл студентердің сыни ойлау көзқарасы мен тұлғалық дамуына ықпал етеді.

Мақсат Ұлықпанов, студент:

-Бейз, калклуз, нейно алгебра, моральная этика және одан да баска сабақтардан бізге шетелдік профессорлар сабақ береді. Кореядан келген профессорымыз капстен проджект деген сабақтан береді. Ол жерде кейс таңдап, идея таңдап, сол бойынша біз өзіміздің жеке жобаларымызды жасаймыз. Инвипин жасаймыз. Сол арқылы казір нені дұрыстау керек, кайсысын қалай жасау керек, көрсетіп, үйретіп жатыр.

Бүгінде Түркістанда 4 құрлықтан келген мамандар жұмыс істейді. Олардың мақсаты бір - қазақ жастарын жаттанды теориядан арылтып, әлемдік сұранысқа ие әлеуеті зор маман дайындап шығару. Бүгінде алыстан келген ғалымдар үшін Түркістан тек жұмыс орны ғана емес, ғылым мен инновацияға негізделген Орталық Азиядағы білім хабына айналып келеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш