Жамбыл облысында оқушылар ескі мектепте оқуға мәжбүр

  • 7
  • 28.04.2026, 21:36

Жамбыл облысында ауыл балалары 100 жыл бұрын салынған мектепте оқып жатыр. Байзақ ауданы Аққия ауылындағы білім ордасында тек 3 кабинет бар. Пәндік сыныптар, акт залы мен спорт залы атымен жоқ. Ал құрылысы 2024 жылы басталған жаңа мектеп әлі күнге ашылмаған. Ауыл балалары жаңа ағарту ошағына қашан барады?

Аумағы 200 шаршы метрден сәл ғана асатын бұл мектептің іргесі тура бір ғасыр бұрын қаланған. Алайда күрделі жөндеудің қашан жүргізілгенінен ұстаздардың өзі бейхабар. Қабырға сылақтары түсіп, жарықша пайда болған. Шағын нысанда даярлық сыныбымен қоса, 4-сыныпқа дейінгі бастауыш сынып оқушылары білім алады. Мектепте небәрі 3 әмбебап кабинет бар. Оның бірі түскі ас уақытында асханаға айналса, екіншісі информатика кабинеті ретінде пайдаланылады. Ал директор кабинетіне кіру үшін кіреберістегі ас әзірлейтін бөлмеден өтуге тура келеді. Білім ошағының едендері де әбден тозып, шұрық-тесік күйге түскен.

Сандуғаш Берметова, Аққия бастауыш мектебінің меңгерушісі:

-Жылдағы ағымдағы жөндеуді жүргізіп отырамыз. Білім бөлімі тарапынан беріледі. Сонымен жылда ағымдағы жөндеу жұмысын жасап әдемілеп ұстап отырмыз. Жаздыгүні бізде спорт алаңында ойнатылады. Ал қыстыгүні балаларды іште ойнатылатын ойындар; тоғызқұмалақ деген сияқты ойындар сынып бөлмелерінің ішінде ойнатылады. Енді басқа бөлме болмай тұр ғой.

Аққия ауылындағы бастауыш мектепке 5 жыл бұрын ағымдағы жөндеу жасалған. Алайда ескі әрі орын тапшылығы болғандықтан, ауылда екі жыл бұрын 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы толық аяқталған. Алайда дайын нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. Жауаптылар мұның себебін лицензиялау жұмыстарының ұзаққа созылуымен байланыстырып отыр.

Динара Жаңабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

-Мектептің құрылысы 2025 жылы желтоқсан айында аяқталды. Қазіргі таңда қабылдау жұмыстары жүргізілді аудандық білім бөлімі тарапынан. Рәсімдеу жұмыстары құжаттарды тәртіпке заңнамада бекіткен мерзімге сай жүргізілуде. Мектептің ашылуы жаңа оқу жылына жоспарлануда.

Жамбыл облысында 17 мектепте 5037 оқушы орнының тапшылығы бар. Білім басқармасы мәселені шешу үшін 2030 жылға дейінгі даму жоспарын бекіткен. Соның аясында 40 жаңа мектеп пен 4 мектепке қосымша ғимарат салынады. Нәтижесінде апатты және орын тапшылығы бар мектептер мәселесі толықтай шешіледі деп күтілуде. Айта кетейін биыл өңірде 4 жаңа мектеп мен 8 жапсарлас нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә