Бұл туралы «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысында айтылды.
Жиын Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті. Алтыншы томның қолжазбасын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева таныстырды. Қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынды. Жалпы алғанда алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген.
Сонымен қатар басқосуда профессор Бүркітбай Аяғанның Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды. Редакция алқасының мүшелері де ой-пікірлерін ортаға салды. Отырыс қорытындысы бойынша редакция алқасы алтыншы томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Келесі отырыста академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады.