Алматыдағы Ядролық физика институты еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Таяуда нейтрондарды зерттеу саласындағы әлемдегі жетекші орталықтардың бірі – Франциядағы Лауэ–Ланжевен институтымен бірлескен жобаны іске асырады. Бұл ұйым Қазақстанға заманауи ғылыми құралдар кешенін ұсынуға дайын.
Лауэ–Ланжевен институтының директоры Кен Андерсонның айтуынша, тараптар Францияның GRANIT эксперименттік қондырғысын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойған. Бірлескен жоба іргелі физика, баяу нейтрондар физикасы, материалтану, инженерлік зерттеулер саласында тың серпін береді. Оған қоса, өнеркәсіптік диагностика мен кадр даярлауға оң әсер етпек.
Кен Андерсон, Лауэ–Ланжевен институтының директоры /Франция:
- Біз зерттеу қондырғыларымызды қазақстандық ғалымдардың қажеттілігіне қарай бейімдей аламыз. Бұл олардың жұмысының тиімділігін арттырады. Әсіресе іргелі ғылымға пайдасы мол. Материалтану мен энергетика саласын дамытуға ықпал етеді.
Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:
- Бұл халықаралық ұйым. Ал сол ұйымға Қазақстан Алла жазса, он алтыншы мемлекет болып кіреді. Содан бастап ондағы әлемдегі теңдессіз 43 қондырғыны Қазақстанда пайдалануға мүмкіндіктері бар және осы ғалымдарды біздің зерттеу реакторларына әкеліп, олардың тәжірибесімен бөлісіп, біздер де оларға мүмкіндік ашып беруге дайынбыз.