Тараздағы Менделеев университеті студенттерге қос диплом береді

  • 7
  • 26.05.2026, 19:44

Тараздағы химия ғылымын меңгеріп жатқан студенттер Мәскеу университетінің дипломын қоса алып шығады. Мұндай мүмкіндікті Менделеев университетінің Тараздағы филиалы ұсынып отыр. Оқу ордасын бітіргендер екі дипломмен, бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар.     

Дмитрий Менделеев атындағы химия-технологиялық университетінің филиалы 2 жыл бұрын өңірлік Тараз мемлекеттік университетінің базасында ашылды. Оқу ордасында заманауи құрылғылармен жабдықталған 4 зертхана бар. Мұндағы білім беру жүйесі Менделеев университетінің тәжірибесіне негізделген. Яғни оқытушы құрамының 70 проценті мәскеуліктер болса, қалғаны өңірлік университеттің оқытушылары.

Салтанат Телеуова, Менделеев атындағы РХТУ филиалының атқарушы директоры:

-Екі білім бағдарламасы бірлесіп бір білім бағдарламасы жасалған. Біздің студенттер екі диплом алады. Және де олар екі шәкіртақы алады. Бізге Ресей тарапынан семестр сайын мұғалімдер келіп химия пәні бойынша, физхмия бойынша лабораториялар жүргізіп практика жүргізіп кетеді.

Студенттер теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибені қатар меңгереді. Олар алғашқы курстан бастап зауытта тағылымдамадан өтеді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектерді жұмыспен қамту мәселесі де шешімін тапқан. Университеттің индустриялық серіктесі Қазфосфат компаниясы студенттерді толық жұмыспен қамтуға дайын.

Ақмарал Мұқанова, Кәсіпорынның жас мамандарды оқыту және дамыту бөлімінің басшысы:

-2 млрд-тай инвестиция осы филиалды ашуға Казфосфат мекемесінен қаржы құйылды. Ол ақшаларға материалдық техникалық базаны нығайту шәкіртақылар студенттерімізді қолдау. Толықтай дайын мамандарды инженерлерді алып шығуға осындай инвестициялар құйылып қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл жерде бітірген мамандар бүкіл әлем бойынша жұмыс істей алады.

Қазір университетте 74 студент білім алып жатыр. Биыл оқу орнына мемлекеттік грант негізінде тағы 50 талапкер қабылданады.

Дияс Бидайбек, студент:

-Бұл жақта бүкіл технологиялар, лабороторный кабинеттер, компьютерный кластар бәрі бар. Барлығы жаңартылған заманауи. Студенттерге бұл жақта бүкіл жағдай жасалған. Сондықтан бұл жақта мықты маман болып шығуға болады.

Университет енді ғылым бағытына басымдық берілмек. Оқу орнында келер жылы магистратура бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2029 жылы докторантура ашу көзделген.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә