Қазақстан мен Ресей білім саласында ынтымақтастықты дамытып жатыр. Біздің жастар елден шықпай-ақ шетелдік білімді алып жүр. Сонымен қатар еліміздің жетекші жоғары оқу орны да Ресейде өз филиалын ашқан. Бұл екі ел арасындағы әріптестіктің нақты нәтижесі. Қос елдің жоғары оқу орындары қандай бағытта маман даярлап жатыр?
МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы 2022 жылы екі ел президенттерінің келісімі негізінде ашылды. Филиал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында орналасқан. Мұнда оқитын студенттер атом энергетикасы, ядролық физика және инженерлік бағытта білім алады. Тек теориямен шектелмейді, жастар Ресейдегі жетекші ғылыми орталықтарға барып, тәжірибеден өтеді.
Арман Смағұлов, студент:
- «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен Мәскеуге бардым. Сапар барысында Ресейдің жетекші кванттық орталықтарын көрдік. Сондай-ақ МГУ мен Лебедев атындағы ФИАН сияқты ғылыми орталықтарда болып, кванттық компьютерлермен таныстық. Бұл мен үшін өте пайдалы тәжірибе болды. Алған білімім болашақта Қазақстанда кәдеге асады деп сенемін.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе ғылыми ортаға ерте араласуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан үшін бұл атом энергетикасына қажет кадрларды даярлаудың бір жолы.
Әлия Алдиярова, «МИФИ» ҰЯЗУ Алматы филиалы қабылдау басқармасының жетекшісі:
-Бұл Қазақстанның ядролық энергетика саласына үлкен серпін береді. Әсіресе Ресей Федерациясының осы бағыттағы практикалық тәжірибесін ескерсек, мұндай әріптестіктің маңызы зор.
Білім саласындағы байланыс мұнымен шектелмейді. Қазақстан да өз оқу бағдарламаларын шетелге шығара бастады. Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылған. Бұл Ресей аумағында жұмыс істеп тұрған алғашқы қазақстандық оқу орыны. Бүгінде филиалда 54 студент оқиды.
Нұркен Әбдіғали, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ департамент директоры:
- Ең алғашқы қабылдау кезінде 3 мамандық ашылды. Ол мамандықтың біріншісі халықаралық құқық, екіншісі қазақ тілі мен әдебиеті, үшіншісі кеден ісі мамандығы.
Ұлттық университеттің филиалында білім алған жастар осы салада еңбек етіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосады.
Нұрбол Ынтымақұлы, Мұхит Құдықбаев