Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Назарбаев Университеті түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсіміне қатысты. Палата Спикері жас мамандарды құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыру үдерістері жүзеге асып жатқанын атап өтті. Кешенді жұмыстың дәйекті жалғасы ретінде Конституциялық реформаның жүргізілгенін, жаңа Конституцияның қабылданғанын жеткізді. Елді жаңғырту және саяси жүйені кешенді түрде реформалау жолында заңнамалық бастамаларды қамтамасыз етумен қатар білікті мамандардың да рөлі маңызды екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси бағдары – ұзақ мерзімді реформалар бағдарламасы. Ол экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік басқару институттарын нығайту, ғылым мен білімге, бизнес пен азаматтық қоғамға қолдау көрсету сияқты маңызды міндеттерді шешу үшін бүкіл қоғамның жұмылуын және белсенді қатысуын талап етеді. Осы үдеріске сіздердің университеттеріңіздің түлектері қазірдің өзінде елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы алғашқы технологиялық unicorn компания – Higgsfield AI соның жарқын көрінісі. Аталған компания командасының 90 пайызы – NU түлектері. Бұл – еліміздің адам капиталының жоғары бәсекеге қабілетті және университеттік ортаның сапалы деңгейде екенінің айқын дәлелі.