Білім грантына өтінім қабылдау басталды

  • 30
  • 13.07.2026, 19:49

Елімізде білім беру гранттарына өтінім қабылдау басталды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 250 мыңға жуық бала қатысты. Мемлекет тарапынан бакалавриатқа 75 мыңнан аса грант бөлінді. Өтінім қабылдау сапасын арттыру үшін жаңа жүйе іске қосылды. Ол Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтеріне негізделеді.

Таң сәріден университет қабырғасына келген үміткерлердің қарасы көп. Биыл тегін білім алуға ниетті жастардың саны айтарлықтай артқан. Орта есеппен бір грантқа 4 адам таласады. Мемлекет ұсынған бұл мүмкіндікті иелену үшін тек ұлттық тестілеудің нәтижесі жеткіліксіз. Кейде таңдалған бейіндік пән мен мамандық та шешуші рөл атқарады.

Қарлығаш Берекеқызы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

- Қабылдау таңғы 9:00-де басталды. Талапкерлер легі, ата-аналар легі әлі жалғасуда. Шамамен 500 талапкер қазір өтінім берді. Қазіргі таңда информатика, математика бейіндік пәндерін тапсырған талапкерлердің саны да көп, грантқа сұраныс та жоғары болып жатыр.

Елде техникалық мамандарға деген сұраныс артып келеді. Мемлекеттік гранттардың басым бөлігі осы бағытқа бөлінген. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында биыл 16 мыңнан аса талапкер тегін білім алады.

Ислам Бақытжан, талапкер:

- Таңдаған мамандығым – автоматтандыру және басқару. Ол мамандықты мен өзім кішкентай кезімнен инженерия саласына қызыққаннан және Қазақстанда инженерия саласын дамыту мақсатында таңдадым. 

Білім беру грантына өтінім қабылдау 13 шілдеден 20 шілде кешкі сағат алтыға дейін жалғасады. Ал конкурс нәтижесі 10 тамызға дейін белгілі болады.

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев