Жаңа оқу жылында 363 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Сонымен қатар биылғы түлектер үшін де өмірдің жаңа кезеңі басталады. Қазір талапкерлер болашақ мамандығын таңдауда. Тегін орта білім алу және мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орнында оқу мүмкіндігі – Конституцияда бекітілген кепілдік.
Қазақстан мектептерінде қазір 4 миллионнан астам бала білім алады. Оның 363 мыңы биыл бірінші сыныпқа барады. Бала саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 12 мыңға көп. Ел бойынша 8 мыңнан астам мектепте 420 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Халық саны қарқынды өсіп жатқан өңірлердегі сұранысты өтеу үшін жаңа білім беру ұйымдары салынып жатыр.
Асыл Уәлиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы:
-Жаңартылған Конституция әрбір баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына берілетін кепілдіктерді күшейтті. Сапалы біліммен қамтамасыз ету – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінге дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді.
Мектеп түлектері мемлекеттік білім беру гранттары арқылы жоғары оқу орындарына түсе алады. Грант саны жыл сайын еңбек нарығының сұранысына қарай айқындалады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл гранттардың басым бөлігі техникалық, педагогикалық және IT мамандықтарына бөлінген.
Жанна Есінбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Тегін жоғары білім конкурс негізінде беріледі. Яғни мемлекеттік білім беру грантын алу үшін талапкерлер ҰБТ нәтижесі бойынша конкурстан өтуі қажет. 2026-2027 оқу жылына бакалавриат деңгейінде 75 мыңнан астам, магистратураға 10 мың, ал докторантураға шамамен 3 мың мемлекеттік грант бөлінген.
Мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде жекелеген санаттарға арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ жетім балаларға 2 пайыздық квота бөлінеді. Ал білім беру тапсырысының 35 пайызы ауыл жастарына арналған.
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов