Мектепке дайындық: 23 млрд теңге әлеуметтік көмекке бағытталды

  • 7
  • 31.07.2026, 19:40

Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Мектепке дайындық қамына кіріскен Оқу-ағарту министрлігі ертеңнен бастап 30 қыркүйекке дейін жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек берілетінін хабарлады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге, аз қамтылған отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, шамамен 450 мыңға жуық балаға қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерде 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Көмектің ең төменгі мөлшері бір балаға 50 мың 851 теңге. Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымдарына тапсыруы қажет.

Толқын Исақова, ҚР ОАМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Биыл әр балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 мың 851 теңгені құрайды. Өңірлер жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай бұдан да жоғары мөлшерде көмек белгілей алады. Өткен жылмен салыстырғанда ең төменгі көлем 10 пайызға артты.