Әскери журналистикаға қызығушылық артып келеді

  • 9
  • 14.08.2026, 19:52

Еліміздің жоғары әскери оқу орындарында талапкерлерді қабылдау жүріп жатыр. Лейтенант шенін алып, Қарулы Күштерде маман болу үшін жастар қатаң іріктеуден өтеді. Ең алдымен, олардың денсаулығы мықты болуы тиіс. Радиэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты көп кездесе бермейтін мамандықтарға да оқытады. Ондай кәсіп иелерінің қатарында әскери журналистика мен әскери дирижер да бар.

Мұхамед Оралдан Алматыға оқу іздеп келген. Әскери журналист болғысы келеді. Қазір өзі сияқты талапкерлермен бірге Радиэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында қабылдау комиссиясының шешімін күтіп жүр. Бәрі бірге бос кезде дене шынықтырумен айналысады. Олар үшін оқу орнының материалдық-техникалық базасы таңсық. Әсіресе жастарға соңғы үлгідегі электронды тирде өтетін  атыс дайындығы ұнайды. Жоғары оқу орны әскери байланыс пен  IT-технология сияқты салаларға  мамандар даярлайды. Оның қатарында Мұхамед таңдаған әскери істегі журналистика және қоғаммен байланыс та бар.

Мұхамед Бөкен, талапкер:

- Мен әскери журналистика мамандығын таңдап келіп тұрмын. Осыған дейін сынақтар болды. Талпынып өттік. Енді 2-3 күнде комиссияның жауабын күтіп отырмыз. Болашақта жақсы маман болам деп ойлаймын. 

Елімізде әскери журналистер мен әскери дирижер мамандығы 2024 жылдан бері даярланады. Оған дейін Ресейдегі оқу орындарында оқып келген. Бұл түлек үшін де, оның ата-анасы үшін артық шығын келтіретін. 

Бауыржан Бақытжанұлы, Радиэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының қызметкері:

- Бұл жерде оқу талаптарына түсу үшін психологиялық тест тапсырады және медициналық тексерістен өтеді және дене дайындығынан нормативтерді тапсырады. Мамандыққа деген қызығушылық артып жатыр. Жыл сайынғы журналистика мен әскери дирижерға келемін деген талапкерлер саны да өсіп жатыр. 

Әскери журналистерді даярлау Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Радиэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұған қоса, елімізде сирек кездесетін мамандықтар қатарына әскери дирижерді жатқызуға болады. Мұндай мамандарды әскери оқу орны екі жылдан бері  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлесіп дайындап жатыр. Әскери журналистер де, әскери дирижерлар да екі диплом алып шығады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Джакупов, Валентин Лобанов