Түркістан облысында жол бойынан 1,5 мың жылдық тарихы бар көне қаланың орны табылды. Бірлік ауылының маңындағы қазба кезінде археологтар керамикалық ыдыстардың сынықтары мен темірден жасалған еңбек құралдарын анықтаған.
Дрондар мен заманауи технологиялардың көмегімен көне қаланың Цитадель, Шахристан және Рабад бөліктері белгіленді. Зерттеушілер бұл аумақтың Қазақ хандығы тұсында түрлі тайпалар мекені болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Қаланың кей бөліктері уақыт өте келе зират пен егістік алқаптың астында қалған. Оңтүстік Қаратау – әлі толық зерттелмеген өңір. Табылған жәдігерлер зертханалық сараптамаға жіберіліп, олардың нақты жасы мен тарихи маңызы анықталады.
Досбол Байғұнақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Бұл қалашық туралы Николай Подушкиннің 1962 жылдардағы зерттеуінде оның 8–12 ғасырларға жататыны көрсетілген. Қазіргі таңда қаланың іргесі Қаңлы заманында қаланып, Оғыз дәуірінде, Қараханидтер кезеңінде, Алтын Орда дәуірінде, әсіресе Қазақ хандығы тұсында күшейгенін дәлелдейтін нақты материалдар табылып отыр.
Қожахмет Қадырқұлов, студент:
- Цитадельдің қорғаныс қабырғасын анықтадық. Қорғаныс қабырғасының жалпы ені бір метрге жетіп тұр. Шурфты ұзындығы жеті метр, ені бес метр етіп түсірдік, оның тереңдігі үш метр болды. Үш метр тереңдікке жеткен кезде керамика қалдықтары, хұмша секілді бұйымдар табылды. Сонымен қатар, осы қорғаныс қабырғасымен бірге цитадельдің қорғаныс мұнарасы да анықталды.