Қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушылары цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәнін меңгереді. Ал жоғары сыныптарда информатика және жасанды интеллект сабағы өткізілмек. Сонымен қатар білім алушылардың қажеттілігіне қарай оқытуды дербестендіруге мүмкіндік беретін ұлттық AI-білім беру платформасын енгізу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында тағы қандай жаңашылдықтар болмақ?
Биыл 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Олар жаңа оқу жылын бірден жаңаша бастамақ. 1-сынып оқушылары ЖИ-ге сауатты сұрақ қойып, мәтін жазуға дағдыланса, жоғары сынып тәлімгерлері күрделі жобаларды өздері жасап, оны талдауға мүмкіндік алады. Демек енді информатика сабағы түрленеді. Құлаққа үйреншікті пәнге жасанды интелеллектіні үйрету негіздері қосылады. Бастауыш сынып оқушылары цифрлық сауаттылыққа үйренсе, жоғары сыныптар жасанды интеллект сабағын өтеді.
Айдана Мергенбекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің басқарма басшысы:
- 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп», 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізілетін болады. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәні 9-11 сыныптың барлық оқушылары үшін міндетті пән ретінде оқытылатын болады. Одан бөлек, «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» құндылықтары білім беру процесіне жүйелі түрде кіріктіріледі.
Енді бастауышта әр тоқсан сайынғы жиынтық бағалау болмайды. Оқушылар бұрынғыдай диктант жазып, ауызша мазмұндама айтады. Мамандар: «Бұл әкімшілдік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - деп отыр.
Наталья Кищенко, №32 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
- Менің ойымша, бұл өзгерістер оқушыларға да, оқытушылардың жұмысына да оң әсер етеді деп ойлаймын. Әсіресе балалар жеңілдеп қалатын болды. Мұғалімдер жаңа форматта, диктант жаздыртып, мазмұндама айтқызып жаңа форматта жұмыс істей бастайды. Бұл өте қолайлы, оң шешім.
Бастауыш сыныптардағы бағалаудың жаңартылған тәсілін барлық білім беру ұйымдарында бірізді қолдану үшін педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіледі. Оның тәртібін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Бағалау орталығы айқындайды. Бағалау нәтижелері ата-аналарға қолжетімді болады және электронды немесе қағаз журналда тіркеледі.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Сонымен бірге әрбірі білімде оқушының жеке ерекшеліктері ескеріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды бағалау кезінде педагог сараланған немесе жеке тапсырмалар әзірлей алады. Қажет болса, тапсырмалардың көлемі, нысаны, орындалу тәсілі мен уақыты баланың қажеттілігі қарай бейімделеді.
Оқулықтарды жаңарту да кезең-кезеңімен жүргізіледі. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және «Музыка» пәндерінің, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәнінің оқулықтарын сатып алу жоспарланған. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9 сыныптардың, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8 сыныптардың оқулықтарын жаңарту көзделіп отыр.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов