Жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқаруы мүмкін

  • 5
  • 18.08.2026, 19:34

Елімізде жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқаруы мүмкін. Мұны Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Жиында жалпы жаңа оқу жылына дайындық пысықталып, мектептер мен балабақшалардың, колледждер мен университеттердің де әзірлігі талқыланды.

Биыл Қазақстан мектептерінде 4 млн 100 мың бала білім алады. 380 мыңнан астамы 1-ші сыныпқа барады. Үкімет отырысында білім ошақтарының қауіпсіздігінен бастап жөндеу жұмыстарына дейінгі әзірлігі қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, қазір барлық мектеп бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Әрі олардың дені полицияның жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жұмыс тек Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында баяу.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Бұл өңірлерде мектептердің тек 70 пайыздан астамы ғана полицияға қосылған. Тексеру барысында 500-ге жуық кемшіліктер анықталды. 174 басшы жауапкершілікке тартылды. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюы қажет. 

Маңызды бағыттың бірі – мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары. Биыл қыркүйекте жаңа 47 білім ошағы ашылады. Одан бөлек, 20 «Келешек мектебі» бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы тиіс. 1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс. Мемлекет басшысы экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу керектігін атап өтті. Осыған баса назар аударыңыздар. 

Биылғы оқу жылының ерекшелігі – орта білім жүйесіне жасанды интеллектінің енгізілуі болмақ. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологиялары бойынша пилоттық жоба іске қосылмақ. Яғни информатика пәніне жасанды интеллектіні оқыту қосылады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жаңа сіз: «Жасанды интеллект элементтерін енгіземіз», - деп айтып өттіңіз. Ал оған дайындық бар ма? Инфрақұрылым, техникалық база, әдістемелік қамтамасыз ету қалай боп жатыр?

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-Ағарту министрі:

- Бүгінгі таңда 7979 мектептің интернет желісі тексерілді. Оның ішінде 1600 мектепке Starlink бойынша интернет жеткізу мәселесі шешімін тапқанын атап өткіміз келеді. Бұл ауылдық мектептерде. Бұдан бөлек, әдістемелік нұсқаулар дайындалды. 

Жиында жоғары оқу орындарының да дайындығы сөз болды. Министр Саясат Нұрбектің сөзінше, университеттердегі жатақхана тапшылығы мәселесі шешіліп келеді.

Алматы қаласында ғана түйткілдің түйіні тарқатылар емес. Мегаполисте 5 мыңнан астам студент пәтер жалдауға мәжбүр. Отырыстан соң журналистер: «жылдам өзгеріп жатқан жаһандану заманында бакалавриат бойынша оқу мерзімі қысқара ма?», - деген сауал қойды. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 2022 жылдан бері елімізде мұндай тәжірибе бар. Ол оқу орындарының өз еркінде. Бастысы, біз оқу мерзімін қысқартуға рұқсат беріп отырмыз. Қазір бұл мүмкіндікті санаулы университет қана пайдаланды. Болашақта Үкіметпен бірге жоғары колледждердің де оқу форматын өзгертеміз. Яғни келешекте заман талабына сай ыңғайлы әрі гибридті білім алу жүйесі енгізіледі.

Қазақстанда қазір 763 колледж бар. Оларда 556 мың студент білім алады. «Жастардың теориямен қатар, тәжірибені де тең меңгеруі үшін дуалды оқу жүйесі кеңейтіліп келеді», - дейді жауаптылар. Қазір студенттердің төрттен бірі оқып жүріп-ақ кәсіпорындарда жұмыс істеп, біліктілігін шыңдай алады.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков