Алтын Орда тарихы жаңа деректермен толықтырылады

  • 7
  • 17.08.2026, 19:56

Алтын Орда тарихына қатысты көптомдықты жыл соңына дейін жарыққа шығару жоспарланып отыр. Онда алып мемлекеттің құрылымы, басқару жүйесі, экономикасы, мәдениеті және билік құрған әр ханның дәуірі көрініс таппақ. Іргелі еңбекте империяның әскери-саяси бағытынан бөлек, дала өркениетіне қосқан үлесіне басымдық берілген.

Алтын Орда тарихына қатысты көптомдықты Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ғалымдары жазып жатыр. Бұл - ұзақ жылғы зерттеудің нәтижесі. Онда алып елді басқарған 100-ден астам ханның кезеңдері жеке-жеке талданып, мемлекеттің дамуы баяндалады.

Ғалымдардың айтуынша, Алтын Ордаға қатысты тың деректер Ресей, Қытай, Иран, Түркия, Жапония, Европа және араб елдерінің мұрағаттарын табылды. Анықталғандай, Жошы ұлысы тек жаугершілік бағытты ұстанбады.

Мақсат Нұрқалиев, Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ғылыми қызметкері:

- Бейбіт өмірді қамтамасыз етіп, экономиканы дамытқан. Мысалы, «Ям» деп аталатын пошта қызметін дамытып, осы арқылы жедел хабар алмасуды жолға қойған. Сондай-ақ Алтын Орданың аумағы арқылы өтетін керуендерге заңды кепілдік берген. Осы арқылы Жібек жолының солтүстік тармағын бақылауға алған. Одан кейінгі ең маңызды тарихи сабақтастық – Орта дәліз. Бұл – 1200 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр.

Аты әлемге тараған кездегі Жошы ұлысының аумағы 6 млн шаршы шақырымға жеткен. Құрамында ондаған ұлттың өкілдері болған. Ислам өркениеті мен дала дәстүрі ұштасып, салтанат құрған. Ғылым-білім де дамып, медицина, мәдениет, өнер, тіпті астронияға үлес қосқан ғалымдар да еңбек еткен. Зерттеу нәтижесінде осындай алып мемлекеттің нақты орналасқан жері де анықталып отыр.

Аслан Абдулла, Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ғылыми қызметкері:

- Алтын Орданы алғашында көшпелі мемлекет деп атаған. Былай қарасақ, көшпелі мемлекеттердің тілдері де бір-біріне жақын: қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері. Енді географиялық тұрғыдан қарасақ, Қазақстан Алтын Орда мемлекетінің дәл ортасында орналасқан.

Қазір отандық ғалымдар Алтын Орда дәуірін зерттеуде белсенді жұмыс істеп жатыр. Оны жаулаушы империя емес, Евразияны біріктірген держава ретінде қарауға басымдық берілуде. Әрі бұл істе шетелдік тарихшы-мамандармен іскерлік байланысты арттырып, тың технолгияның мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр.

Досалы Салқынбек, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі:

- Жасанды интеллект осы Алтын Орда тарихын зерттеуде бізге қандай мүмкіндіктер береді? Алтын Орда тарихын зерттеу мәселесінде нүктені қоятын тарихшы ғалымның өзі. Бірақ соған қарамастан, Алтын Орда тарихына қатысты мәліметтер тек қана Қазақстан жерінде емес, ол Қытайда да, Ресейде де, басқа да әлемнің елдерінде ол шашыраңқы жатыр. Соны бір жүйеге түсіруде, өңдеуде, қазіргі заманға сай цифрландыруда ЖИ-дің көмегі бізге өте үлкен.

Сөзсіз, қазақ елінің шежіресі Алтын Ордамен тікелей байланысты, тарихи сабақтастығы тереңде. Қазір оның тарихына қатысты да 7 томдық еңбек әзірленіп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев